7.03.2025, 15:15
Оқылды: 931

Казталов ауданында шуақ шашқан мереке тойланды

Жанымызды жадыратар көктемнің ең шуақты да шұғылалы күні, нәзіктік пен мейірімге толы арулар мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі келіп жетті.

IMG20250307112258

Шуақ шашқан мереке қарсаңында наурыз айының 7 жұлдызы Казталов аудандық мәдениет үйінде аудандағы барша аналардың, арулардың құрметіне арналған «Ана — көктем» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада сөз алған Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудандағы аналар қауымын айтулы мерекемен құттықтап, бір топ нәзік жандыларды марапаттады.

IMG20250307112627
Аудан басшысы сахна төрінде аудан демографиясын көтерген көпбалалы аналарға «Күміс алқа» және «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген аруларға алғыс хат табыс етті.
Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

IMG20250307115619 (1)

Сахна шымылдығы аналарға арналған жыр шашумен ашылды. Бұл концерттің ерекшелігі әрбір шырқалған ән театрландырылған көрініспен өрнектеліп, көрерменді ән әлеміне жетеледі. Концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан күміс таңдай әншілер мен жастар театрының еңбегін атап өткеніміз жөн.
Концертте Ерназар Қатуов «Қош келдің, көктем», Асхат Нығметов «Ақ бантик» әндерін орындап, алаңсыз жастық шақтың көріністері сахнадан бейнеленді. Аудандағы жастар театрының актерлары «Бақыт деген» әнін қосыла шырқап, көрерменнің жүрегін жаулап алды. Сахна төрінен табылған өнер майталманы, әнші Нәрік Дүйсеновтің орындауындағы «Сен сұлу» әні мен жастар театрының актерлері билеген биі керемет үйлесім тапты.
Концерттік бағдаламада аналар, отбасы құндылықтары туралы бейнероликтер көрсетіліп, шараның нақышын айқындай түсті. Оралхан Ерғалиевтің шебер шырқауындағы «Асыл ана» концертке келгендердің көздеріне еріксіз жас алдырды. Сахнада жас әнші Мейрам Мақсот Казталов саз мектебінің «Күншуақ»  балалар хорымен бірге «Ана» әнін әуелетті.
Меркелік концертте Әділет Жүсіповтің орындауындағы «Әр әйел бақытты болуға лайықты» әнін тарту етсе, жігіттер залда отырған нәзік жанды көрермендерге гүл үлестірді. Өнерлі жандар концертті ерекше жайнатты. Нұрбек Мұхамбетқалиевтің орындауындағы «Et Si Tu Nexistais pas» әні көрерменді еліктіріп әкетті. Ал Қайрат Абдулов шырқаған «Қазақ аруы» әні де қазақ қызының намысын көтеріп жібергендей әсер берді.
Мерекелік концерт әншілердің қосыла шырқаған Ескендір Хасанғалиев «Анаға сәлем» әнімен тәмамдалды.
Шуақты күннің әдемі мерекесімен барша аруларымызды тағы бір мәрте құттықтаймыз.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале