Кеше Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Бостандық, Жалпақтал, Көктерек, Қараөзен ауылдары мен Әбіш және Жұлдыз елді мекендеріне барды.
Су тасқынының алдын алу бағытындағы бақылау жұмысы аясында аудан әкімі Бостандық ауылындағы дамбыны көтеру, Жалпақтал және Қараөзен округтеріне қарасты көлдерге судың шығуын, «Дүкен», «Темірастау», «Автобаза» бөгеттерінің, Әбіштегі «Казталов-2», Көктеректегі «Мамай» су қоймасының, Жұлдыз ауылындағы «Шәкен» бөгетінің суды өткізу қарқынын бақылап, тұрғындармен кездесті.
Аталған округтердің әкімдері аудан әкіміне су тасқынының алдын алу шаралары, лимандар мен көлдерге су шығару жұмысы жөнінде баяндады.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК БҚОФ Казталов учаскесінің бастығы Еркебұлан Ермұханов жоғарыдан келе жатқан су көлемі мен қарқыны, су қоймалары мен бөгеттердің жұмысы жөнінде мәлімет берді.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы округ әкімдері мен жауапты мамандарға су деңгейін сағат сайын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы