Жеңіс күні - Отан үшін от кешіп, қан майданда қайсарлықпен шайқасқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ұлы мейрам. Бүгін, Казталов аудандық кітапханада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс” атты тағылымды шара өтті.
Маңызы зор шараға Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен елге оралған, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары Темірболат Нұғманов пен Ағиба Сейфуллина, Асылзада Нұркенқызы, Балзира Көмекқызы және мәдениет тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ернар Аққалиұлы, зейнеткер Есентай Темірешов, еңбек ардагерлері Уәлиолла Әбішев, Мұқанғали Бектілеуов, мұрағат ісінің меңгерушісі Назгүл Мұстафина, тыл ардагері Уазира Едресқызы қатысты.
Шара ең алдымен бейбіт өмірге жете алмай, Тәуелсіздікті аңсап кеткен, соғыста ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас иіп, жеңіс туын желбертуде кеудесін оққа тосқан боздақтарымызды бір сәт үнсіздікпен еске алды.

Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің ерлігін жария ететін “Бейбіт күн жасасын әлемде” атты бейнебаян көрсетілді. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұм соғыс халық санасынан әлі күнге ұмытылған жоқ. Соғыс салған зардап әлі күнге дейін толықтай жойылмады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ата-бабалардың жанкешті ерліктерін көркем әдебиеттер мен кинолардан, оқулықтардан ғана оқып білеміз. Сол сұм соғысты көзімен көрген Нұғман Қыдыркешовтің ұрпағы Темірболат Нұғманов, Пангереей Сейфуллин атаның ұрпағы Ағиба Сейфуллина, бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 100 жыл болып жатқан Көмек Әбілов атаның ұрпағы Балзира Көмекқызы, Рақыш Әбдірақимовтің ұрпағы Асылзада Нұркенқызы аталарының жасаған ерліктері туралы айтып, еске алды.


Соғыс жылдары жүрегі Отаным деп соққан ата-бабаларымыз елінің елдігі жолында шайқасып, күресе білді. Казталов мектеп-лицейінің оқушылары сұрапыл соғыста елін, жерін қорғаған майдангерлер туралы поэзия оқыды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Өтеген ағамыздың сүйемелдеуімен “Гүлдерайым” әжелер ансамблі “Кестелі орамал”, “Соғыстан қайтқан солдаттар” әнін орындады. Қазақ елі үшін бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс үшін қан майданда жан қиып, ел есінде қалған қаһармандарымыздың ерлігін жас ұрпаққа айту, насихаттау әр адамның азаматтық парызы. Мәдениет тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ернар Аққалиұлы, және қатысушы қонақтар аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлық ерліктері туралы айтып, мақтан ететіндіктерін жеткізді. Соғыс кезіндегі қозғаушы күштер, жеңіс жолындағы ерліктер туралы көптеген еңбектер жазылды. Мұны келешек ұрпақ білуі тиіс. Дегенмен соғыстан қайтып оралмаған боздақтарымыз туралы еңбек жоқтың-қасы. Соғыстан келмеген боздақтар туралы іздеп, оны жарыққа жариялауда еңбек ардагері Уәлиолла Әбішевтің еңбегі ұшан-теңіз. Ол Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай “Ел қорғаған қайран ерлер” атты тарихи энциклопедияны жарыққа шығарды. Ақмарал Базарғали “Отты жылдар елесін, кітаптан оқып білесің” атты кітап көрмесін таныстырды.

Зейнеткер Есентай Темірешев аудандық кітапханаға “Из кинолетописи Великой Отечественой” (1941-1945) және “Ветераны” кітабын табыс етті.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы
