Соңғы кездері ақ білектің күшімен көзге түскен көктеректік азаматтардың жеңістері желдей есіп, желінің жұлдызына айналды. Ірі денелі, қарулы қара күш иелері ұмыт болып жатқан ұлттық ойын – арқан тартыстың арландары ма дерсіз! Құрыш білекті көктеректік жігіттер ептілік пен шымырлыққа баулитын арқан тартыс ойынынан оза шауып, жеңіске жетіп келеді.
Күні кеше ғана Астана қаласында тұңғыш рет арқан тартыстан өткен республикалық турнирден облыс, аудан намысын қорғап, қанжығалары жүлдемен толықты.
Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Астана қаласында БҚО намысын қорғаған Көктерек, Бостандық ауылы құрамаларын қабылдады.
Қабылдауда аудан әкімі ауданымызда атқарылып жатқан ауқымды істер мен спорт саласын дамытудағы игі жұмыстар жөнінде тоқталып өтті.
Сондай-ақ 1 000 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен Көктерек командасымен, 750 келі салмақ дәрежесінде қатысқан Бостандық командасына алғысхат пен қаржылай сертификат табысталды.
Бұл – төккен тер мен қаншама қажырлы еңбекпен өткен даярлықтың нәтижесі. Бүгінгі жетістік – ертеңгі тарих. Әрбір жеңістің артында 16 жігіттің күші мен еңбегі, сондай-ақ демеушілердің қолдауы жатыр. Расында да тектілік пен тазалықты сақтап, қайратты күш пен мықтылықты мақсат еткен бұл азаматтардың арғы жағында ауыз толтырып айтатындай еңбек жатыр. Білектерін сыбанып, ауыл-ауылды аралап, ұлттық ойынды қайта жаңғыртқан текті азаматтардың ісін дәріптеп, өскелең ұрпаққа жалғай түссек ұтарымыз көп.
Шағын ғана ауылдың есімін республикаға танытып, «құрыш білекті көктеректің азаматтары» атандырған демеуші ел ағаларының еңбегін де ескеріп, алғыс білдіреміз.
Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы