Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Талдыапан ауылдық округіне қарасты қыстақтарды аралады. Мал қыстату науқанының жүру барысын бақылаған аудан әкімі округте инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шаруа қожалықтарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз етіп, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Қазіргі таңда 24 қыстағы бар округ әкімі Қайырлы Жұмағұлов мал қыстату науқаны жөнінде баяндады.
— Округ бойынша қыстақта орташа есеппен алғанда ірі қара малы - 19706 бас, қой мен ешкі – 19000 бас, жылқы – 2973 бас, түйе – 1 бас есепте тұр. Күні бүгінге қолда бар мал азығы 25600 тоннаны құрап отыр. Жаз мезгілінде әр шаруашылық қыстақ орындарын өз күштерімен жөндеуден өткізіп жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта қыстақтарда 45 жұмысшы бар. Барлық қыстақтарда мал суару жұмыстары ұйымдастырылып, электр жүйесімен қамтылды. Электр жүйесі жоқ жерлерде күн батареясы орналастырылған. Ауылдық округ бойынша жыл сайын ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып тұрады. Ал жем сатып алу жұмыстары ауылдық округте кәсіпкерлер арқылы әкелініп сатылуда, — деді ол.

Аудан әкімі алдымен Сарықұдық елді мекеніндегі «Оразбай» қыстағына барып, «Бексұлтан» шаруа қоғалығының жұмысымен танысты. Қожалық жетекшісі Ерболат Бекқалиев қыстақтағы тіршілік қамы мен жоспарларын айтып берді.
— Өзім Сарықұдық елді мекенінің тұрғынымын. Шаруашылықты 2013 жылы ашып, бүгінгі күні 381 бас ірі қараны бағып отырмын. Оның ішінде 300 бас аналық мал болса, 11 бас мал асыл тұқымды ірі қара. Асыл тұқымды малдарды «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» арқылы сатып алдық. Қазір мал қыстату жайлы өтуде. Мал азығы да жеткілікті. Алдағы уақытта малды асылдандыру жұмысын жалғастырып, конкурс арқылы қосымша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер алуды жоспарлап отырмыз, — деді қожалық жетекшісі.
Кәсібі алға басқан қожалықтың жұмысшыларымен де еңбек шартын жасап тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал Ерболат Шамұратұлының жары Ақмарал Шәмілқызы қыстың ызғарына қарамастан күніне 10-ға жуық сиыр сауып, өнімін алып отыр.

Талдыапан ауылдық округінде «кәсібім-нәсібім» деп ата кәсіппен айналысып отқан шаруалар жетерлік. Соның ішінде «Алмасад» қыстағындағы «Серікбол» шаруа қожалығы жетекшісінің ұлы Серікбол Қажыбаев аудан әкімін қыстақтың жұмысымен таныстырды.
— Мал бағу оңай шаруа емес. Жас болсақ та осы қыстаққа отбасымызбен көшіп келіп, әке жолын жалғап, ата кәсіппен айналысудамыз. Қазіргі уақытта қожалығымызда 236 бас ірі қара, 660 бас қой, 65 бас жылқы бар. Ірі қараның ішінде 5 бас асыл тұқымды бұқа бағып, малды асылдандыру жұмыстарын бастап жатырмыз. Біз отбасымызбен қыстақта тұрып, малға өзіміз қараймыз. Қазір мал төлдеу науқаны да жүріп жатыр. Берекелі кәсіпке ыждағаттылық танытпасақ төккен тер бекер болмақ, — деді ол.
Қыстақтарды аралаған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы кәсібін кеңейтіп, елдің қамын ойлаған шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау шаралары көрсетілетінін айтты.

— Біздің аудандағы ауыл шаруашылығын дамытудағы мақсатымыз мал санын ғана емес, өнім көлемін де арттыру болуы керек. Малдың етін сатып, сүтін өнімдерін өндіріп, жұмысшыларымен де еңбек шартын жасап, елге пайдасын тигізіп жүрген шаруаларды қолдауға әзірміз. Мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көрген абзал. Сонымен қатар ағымдағы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Біз қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытында жұмыс жүргізуіміз қажет. Бұл шаруа қожалықтарға тікелей қатысы бар бастама. Малдың өнімі арқылы ауданның ішкі нарығын қамтамасыз етіп, салықтан жалтармай, ел игілігі жолында еңбек етуіміз қажет. Елге «болсын» деген азаматтардың еңбегін насихаттауымыз керек, — деді аудан әкімі.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы