«Казталов ауданының Құрметті азаматы» Нағым Ризуанов та Жаңажол ауылында өз таңдауын жасады.
Елдің талай белесін көріп, ауданның қоғамдық өміріне өзіндік үлесін қосқан азамат бүгінгі саяси науқанның тарихи маңызына тоқталып, Құрылтай сайлауының жаңа саяси жүйе қалыптастырудағы орны ерекше екенін атап өтті.
— Бұл Құрылтай депутаттарын сайлау – Жаңа Конституциямыз қабылданғаннан кейінгі заңның негізінде жүзеге асырылып жатқан бір палаталы Парламент құру жөніндегі үлкен мәселе. Елімізде халықтың талқысына түсіп, екі айдан астам уақыт бойы талқыланғаннан кейін, бүгін, 23 тамызда, Құрылтайға ұсынылған кандидаттарға ел болып өз таңдауымызды білдіріп жатырмыз. Біз қазір партияларға дауыс беріп жатырмыз. Партиялардың төрағаларының дебатта кездесіп, талқылаған мәселелерінің барлығын басынан аяғына дейін тыңдадық. Елімізге, халқымызға адал қызмет ететін азаматтар мен азаматшалардың, жастардың болашақ Құрылтайдың мүшесі болатынына үлкен сенім білдіремін», – деді Нағым Ризуанов.
Елге еңбегі сіңген, кейінгі буынға ақыл-кеңесімен бағыт-бағдар беріп жүрген ардагер азаматтың пікірі бүгінгі таңдаудың салмағын айшықтай түседі.
Жаңажол ауылындағы сайлау учаскесінде тұрғындардың белсенділігі де байқалады. Әр азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына деген азаматтық жауапкершілігін танытуда.
Әдемі Оразғалиева