Қазталов ауданында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиевтің төрағалығымен «Заң және тәртіп» идеологиясы мен «Қауіпсіз өңір» кешенді жобасын іске асыру бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Жиында қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз сауда мен спирттік өнімдердің айналымына тосқауыл қою, сондай-ақ қараусыз жүрген төрт түлік малдың жол қауіпсіздігіне тигізер кері әсерін азайту шаралары қаралды.
Басқосуда жергілікті ішкі саясат, кәсіпкерлік, полиция бөлімдері мен ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Сонымен қатар кеңесте кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, заңсыз еңбекке тартылудың, буллингтің және қолайсыз отбасылардағы келеңсіздіктердің алдын алу мәселелері талқыланды. Елді мекендерді абаттандыру, санитариялық тазалық, көшелерді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйесін дамыту бағытындағы міндеттер де назардан тыс қалмады.

Жиын қорытындысы бойынша Серік Қайырлиев жауапты мекемелерге мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді іс-қимылын күшейтіп, жоспарланған іс-шаралардың уақтылы әрі нәтижелі орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы