Жаңа жыл қарсаңында Казталов ауданына қарасты Талдыапан ауылдық округінде 12 отбасыға баспана кілті табысталды.

Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев қатысып, баспана иелерін қуанышымен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде тұрғын үй кезегіндегі азаматтар баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облысымызда үйлер салынып жатыр. Облыс бойынша 800 үй салынып жатса, Казталов ауданында аталған бағдарлама аясында 142 баспананың іргесі қаланып, иелеріне табысталып жатыр. Бастысы тұрғын үйлердің құрылысын жергілікті ауыл азаматтары жүргізіп, ел игілігіне табыстауда. Баспаналарыңыз құтты болсын!, - деп тілегін жолдаған Бақытжан Хаберұлы Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық ауылының тұрғындарына баспана кілтін табыс етті.

Салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен «Қаладан — ауылға» бағдарламасына қатысып, ауылға көш түзеген Сарықұдық, Қайшақұдық ауылының тұрғындарына да жаңа үйдің кілті берілді.
Айта кету керек, ауданда «Қаладан — ауылға» бағдарламасы арқылы 8 отбасы баспанамен қамтылды. Сонымен қатар ауылға көшіп келген әрбір отбасыға ауылдастар тарапынан бір бұзаулы сиыр мен 10 ұсақ мал беріліп отыр.

Салтанатты шарадан кейін Бақытжан Хаберұлы жаңа баспанаға кірген талдыапандық Ерік Шамаров шаңырағына бас сұғып, шаңырақ иелеріне құттықтап, сыйлық берді.
Талдыапан ауылдық округіндегі тұрғын үйлердің құрылыс жұмысын жергілікті азаматтар Дархан Аябалиев, Алмамбет Хамитов, Асқар Тапалов, Нұрлыбай Жолдыбайұлы жүргізіп, сапалы түрде тапсырып отыр.
Нұр Рахман
Казталов ауданы