Қазталов ауданында шөп шабу науқаны басталып кетті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 342 мың гектар шабындық болса, биылғы жылы 228 мың тоннадай мал азығын дайындау жоспарда. Былтырғы жылдан 75 мың тоннадай мал азығы қалған.
Ал ауданда алғашқылардың бірі болып «Қайнар» шаруа қожалығының пішеншілері шабындыққа орақ салды. Шөп шабуды бастаған «Қайнар» шаруа қожалығындағы ағайынды жігіттер шөп шабу науқанын өз күштерімен игермекші. Науқандық жұмысқа алты адамды тартып, үш трактор, бір шөп буғыш, бір «Камаз» аутокөлігі, екі орақпен кіріскен ағайынды жігіттер қыстақтарына 450 бума шөпті дайындап та үлгеріпті.
Шаруа қожалығының жетекшісі Тарғын Бермағамбетовтің айтуынша, олар дала өртінен сақтық мақсатында шөп таңғы және кешкі салқынмен шабылуда. Бір гектар жерден он центнерге дейін шөп дайындалуда.
Қайрат ЖАҚЫП,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz