Ұлы ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты Казталов ауданының Талдықұдық ауылындағы С.Есетов атындағы орта жалпы білім беретін мектебінде «Абайтану» залы ашылды.
Бұл әдеби орталықтан ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мағлұматтар табуға болады. Абай ұрпағының шежіресі, отбасылық суреттері де бар. Залдың қабырғасы да ақын сөздерімен өрнектелген.
Ең бастысы, орталық үнемі жаңа басылымдармен, тың материалдармен толықтырылып отырмақ. «Абайтану» залын ашу – сол жылдардағы мектеп директоры Ақжол Қазиуллиннің идеясы арқылы іске асқанын айта кеткен жөн.
-Меніңше Абай рухы әр азаматтың, әр қазақтың жүрегінде дүрсілдеп соғып тұрғаны абзал. Әрі біздің күнделікті тыныс-тіршілігімізден, ішкі болмысымыздан Абайша ойлау, Абайлық көзқарас, Абайша пайым-парасаттың лебі сезілуі керек. Орталық кітапханада «Абайтану» залының ашылуы – Ұлы Абайдың рухына тағзым етудегі маңызды міндеттің бірі, -дейді «Абайтану» курсының жетекшісі Гүлдана Әлібекқызы.
Қысқасы, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста!» деген Абайдың сөзі әр азаматың ұстанымына, өмірлік темірқазығына айналғаны абзал.
Мәриям Рахим,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz