Қазақстанның барлық өңірлерінде 1 қазан мен 1 қараша аралығында «Қайырымдылық айлығы» өткізіледі. Бұл – қарияларға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және тұрғындардың аз қамтылған бөлігіне көмек көрсету бойынша мейірбандық акциясы.
Осы орайда «Бақытты отбасы» орталығында Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Үлкендер жолы – ұлылық» атты үйде әлеуметтік көмек алушы ардагерлермен кездесу өтті.
Ақ дастархан басында бас қосқан жүздесуде сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Бақтыгүл Бердіғалиева қызмет алушы ардагерлерді мерекемен құттықтап, қашанда әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сый-құрметке разы болған ақжаулықты аналар, қариялар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева бастаған ұжымға ризашылығын білдіріп, үнемі көмекке келіп, жәрдемдесіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерге алғыстарын жаудырды.
Басқосуда ардагерлер баянмен әуелете ән шырқап, өткен естеліктерімен бөлісті. Шара соңында әлеуметтік қызмет алушы ардагерлер ақ батасын беріп, ризашылықпен тарқасты.
Әсем Болат
Казталов ауданы