23.08.2023, 15:45
Оқылды: 88

Казталовта «Алтын көпір» халықаралық фестивалі өтті

Жуырда облыста дәстүрлі «Алтын көпір» халықаралық фестивалі басталған болатын. Тағдырдың тауқыметін тартып, ата жұртынан жырақтаған қандастарымыздың ұрпақтары мен облысымыздың жастарының басын бір арнаға тоғыстырған фестиваль Казталов ауданында жалғасты.

жп фестиваль казталов (9)

Айтулы іс-шараға БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Төлеген Сүйіншқалиев қатысты.

2004 жылдан бері дәстүрге айналған «Алтын көпір» халықаралық фестивалі биыл алғаш рет ауылдық жерде ұйымдастырылып отыр. Туған жерін аңсап, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тілімізді үйренуге бет бұрған Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор, Астрахань, Челябі облыстарының жастарын ауданның Ақпәтер ауылдық округінің халқы ыстық ықыласпен қарсы алды. Мұнда көршілес мемлекеттен келген жастарға Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелеткен жандардың қолөнер бұйымдары, ауылдың тыныс-тіршілігі таныстырылды. Жалпы «Алтын көпір» халықаралық фестивалі жыл сайын ұйымдастырылып, мәні мен маңызы артып келеді.

жп фестиваль казталов (2)

- Биыл дәстүрлі фестивальді әдеттегідей концерттік бағдарламамен немесе қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырғаннан өзге форматта ұйымдастыруды жөн санадық. Сондықтан ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлері, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бойынша шеберлік сабақтар, спорттық-сауықтыру шаралар, «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі» және «Шежіре – ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында семинарлар, қазақ тілін оқыту сабақтарын  ұйымдастыруды қолға алдық. Мақсатымыз – ұлттық бірегейлікті сақтауға, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайтуға бағытталған  шараларды ұйымдастыру арқылы БҚО-ға шектес орналасқан Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен тығыз мәдени-әлеуметтік байланыстарды орнату. Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, - деді «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» төрағасы Айболат Құрымбаев.

жп фестиваль казталов (4)

Иә, фестивальдің мақсаты айқын. Ақпәтерлік жаны жайсаң, өнерге құштар жандар да қандастарымызға ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық ойындарымызды дәріптеді.

жп фестиваль казталов (5)

Атап айтар болсақ, «Ақ ырыс» әжелер ансамблі жастарға ұлттық әндерді шырқап, ұршық иіру, киіз басу, бесікке бөлеу, диірмен тарту сынды әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрімізді үйретсе, Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектебінің «Назқоңыр» ансамблі қазақ күйлерін орындап, ұлттық аспаптарда ойнауда шеберлік сағаттарын көрсетті. Қандастарымыз ұршық иіріп, диірмен тартып, аспаптарда ойнап, садақ ату, асық атуды үйреніп, «Алтыбақанда» бір-бірімен сырласты.

жп фестиваль казталов (3)

- Мен бұл фестивальге бірінші рет қатысып отырмын. Астрахань облысынан келдім. Батыс Қазақстан облысы маған ұнап жатыр. Алғаш рет домбырада ойнадым. Ұлттық салт-дәстүрлерімізбен таныстым. Жалпы ауылдың тыныс-тіршілігі ұнады. Фестивальге қатысуға мүмкіндік беріп, керемет әсер сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Мен бұл өлкеге соңғы рет келуім деп есептемеймін. Алдағы уақытта да келіп, достарыма, жолдастарыма бұл жақтан үйренгенімді көрсетіп, дәріптеймін, - деді Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің студенті Арина Сейдешова.

жп фестиваль казталов (11)

Ұлттық болмысымызды дәріптеп, көрші мемлекеттегі қазақ диаспорасының өкілдері мен жергілікті халықты байланыстырған фестиваль киіз үйде жалғасын тауып, фестивальге қатысушылар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты. Фестиваль жастардың сауық кешіне жалғасты.

жп фестиваль казталов (12)

Халықаралық іс-шараның ұйымдастырушысы Айболат Құрымбаев, Света Ғаниева жергілікті атқарушы орган өкілдері мен Ақпәтер ауылының халқына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар «Ақ ырыс» әжелер ансамблі «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» алғыс хатымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Фестиваль Бөкей ордасы ауданында жалғасады.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале