Бүгін Казталов ауданы орталығындағы «Алтын Орда» мейрамханасы және «Мерей» кафесі есігін айқара ашты. «Береке» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен бой көтерген кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.
Аудан әкімі 250 орындық кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асырылуы мен кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
– Бүгін Казталов ауылындағы «Береке» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Дәрмен Қабенұлының бастамасымен «Алтын Орда» мейрамханасының ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. 2021 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бекітілген болатын. Бұл бағдарлама ауданымызда да жүзеге асырылуда. 2023 жылы жалпы құны 629,7 млн теңгені құрайтын 74 тұрақты жұмыс орынын қамтитын 29 жобаның ашылуы жоспарланған болатын. Соның ішінде бүгінгі күні 25 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылған 15 жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін жалпы құны 231 млн теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып 34 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кәсібін ашып, өз ісін бастаймын деген азаматтарға әрқашан мемлекет тарапынан қолдау болады, - деді аудан әкімі.
«Алтын Ордада» 15 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Мейрамханада VIP залы, кафе қамтылған. Кәсіпкерлік субъектінің ашылу салтанатында «Жұлдыз-ай» ЖК тарапынан екі отбасыға әлеуметтік азық-түліктер сыйға берілді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы