24.06.2026, 19:30
Оқылды: 13

Қазталовта бағымсыз мал кесірінен жол апаты жиілеп кетті

Қазталов ауданында тұрғындарды алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – бағымсыз жүрген мал. Желіп жүрген төрт түлік тек ауыл тазалығына ғана емес, ең алдымен жол қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп, егістіктерді таптап, шаруаларға шығын келтіруде.

image-24-06-26-07-35-4

Осыған байланысты аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында арнайы рейд ұйымдастырды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Тимур Мамытов қатысты.

image-24-06-26-07-35-2

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Тимур Сейтбайұлының айтуынша, биыл ауданда қараусыз малдың кесірінен болған жол апаттары 7-ден 9 фактіге өсіп кеткен. Тәртіп сақшылары мал иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен 232 әкімшілік хаттама толтырып, профилактикалық жұмыстар жүргізсе де, тұрғындар малды күндіз-түні бақылаусыз жіберуді тоқтатар емес.

image-24-06-26-07-35-5 image-24-06-26-07-35-1

Аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы мал шаруашылығы ауылдың негізгі кәсібі болғанымен, әр азамат өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауы керектігін ескертті. Ол бұл мәселені құқықтық мәдениетті қалыптастырып, заңға бағыну арқылы ғана шешуге болатынын атап өтті.

Сала мамандары тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мұндай тексеріс рейдтері алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале