14.06.2021, 9:03
Оқылды: 62

Казталовта бәйге жарысы өтті

Қазақта жылқы малы киелі саналады және Қамбар ата түлігі сайысқа түскен кезде елеңдемес жан жоқ шығар, сірә. Ал елімізде ат спорты түрлері бір жолға қойылып, дамып келеді. Соның бірі – бәйге. Казталов ауданында дәстүрге сай аламан бәйге ұйымдастырылып тұрады. Бірақ «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы доданың жөні тым бөлек. 13 маусым күні Көктерек ауылында ұлттық спорт «Бәйге» түрлерінен Қазақстан Республикасы кубогіне Батыс Қазақстан облысының іріктеу жарысы өтті.

424D9028-4885-4591-AC1F-2186246195C8

Алғашында ауданның Бозоба елді мекенінде өтуі тиіс болған дүбірлі дода ауа райының қолайсыздығы салдарынан және бәйге алаңының талапқа сай келмеуіне байланысты ұйымдастырушылардың шешімімен Көктерек ауылында ұйымдастырылды. Дүбірлі додада 3 шақырымдық «Тай жарыс», 6 шақырымдық «Құнан жарыс»,12 шақырымдық «Топтық бәйге» және 21 шақырымдық «Аламан бәйге» оздырылды.

«Жүрген жерің от болсын, хош, жануар!..

Бәлекеті жоқ болсын, хош, жануар!»…

Бәсіресін, баласын біздің қарттар,

Бәйгесіне майданның қосқаны бар, - деп Мұқағали жырлағандай облысымыздың барлық аймағынан келген тұлпарлар дала шаңын көкке көтерді.

3 шақырымдық «Тай жарыста» Теректі, Казталов, Ақжайық, Жаңақала, Тасқала, Тайпақ, Жәнібек аудандарынан келген 13 тай додаға түсіп, тасқалалық Мержан Аяпбергенов ІІІ орын, теректілік Әли Кереев ІІ орынды, казталовтық Сабырғали Қойшекенов жүлделі І орынды қанжығасына байлады.

6 шақырымдық «Құнан бәйгеде» Орал қаласы және Жәнібек, Казталов, Бөкей орда, Тайпақ, Бәйтерек, Ақжайық аудандарының 12 озық құнан бақтарын сынап, Бәйтерек ауданынан Марат Айсұлтан ІІІ орын, Жаслан Кубеев ІІ орын, ақжайықтық Сатқали Байзуллин жүлделі І орынды иеленді.

12 шақырымдық «Топтық бәйгеде» көпшілік Орал қаласы және Қаратөбе, Теректі, Жаңақала, Казталов аудандарынан келген 8 тұлпардың тартысына куә болды. Нәтижесінде Теректі ауданынан Берікқали Қатымғалидың тұлпары Байторы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп бас жүлдені иеленсе, Казталов ауданынан Жоламан Есетовтың Нұрқасқа атты тұлпары екінші, Орал қаласынан Болат Жаңабаевтың Бакардиясы үшінші болып мәре сызығына жетті.

Ал доданың қызған шағы 24 шақырымдық «Аламан бәйгеде» Бөрлі, Тайпақ, Ақжайық, Бәйтерек, Теректі, Жаңақала, Тасқала, Сырым, Казталов аудандарынан келген тұлпарларды тізгіндеген шабандоздар жарыс көркін қыздырып, нәтижесінде бөрлілік Нұрболат Жиреншиевтің тұлпары Байторы үшінші, тайпақтық Құбайдолла Биғазиевтің Комбат атты тұлпары екінші, бәйтеректік Талғат Бисембаевтің Нұртөбелі бірінші болып мәре сызығын кесіп өтті.

Бәйгені тамашалауға аудан әкімі Альберт Есалиев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Дәурен Мұқанов, БҚО ұлттық «Бәйге» федерациясының президенті Берік Есенғалиев арнайы қатысты. Альберт Темірболатұлы жарысқа қатысушылар мен қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Делебені қоздырған дүбірлі додада тұлпардың тұяғы сүрінбеді, шабандоз жығылмады. Бұл - ұйымдастырушылардың еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар аудан өнерпаздары көрерменге әсем де сазды көңіл күй сыйлады. Аталған шарада «Тай жарыс» және «Құнан бәйге» жүлдесіне Казталов ауданы қолдау көрсетті. «Топтық бәйге» мен «Аламан бәйгенің» жүлдесіне «Бәйге» федерациясы ықпал етті. Сондай-ақ «Тай жарысынан» өзге бәйгелерде бас жүлдеге ие болған шабандоздар 6 шілде күні Нұрсұлтан қаласында өтетін ұлттық спорт «Бәйге» түрлерінен Қазақстан Республикасы кубогіне жолдама алды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале