6.09.2024, 17:46
Оқылды: 181

Казталовта «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

Бүгін Казталов ауданында әлеуметтік санатқа жататын және күнделікті өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандарға ақпараттық-кеңестік қолдау көрсету мақсатында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды.

6BE4803A-1586-4C5A-9EB0-4E5825512CB4

Орталықтың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева, аудандық «Мансап» орталығының директоры Эльмира Сармалаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұқанай Бектілеуов, «Тоғжан» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсүлу Шәкенаева, «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысып белсенділік танытқан Бақтыгереевтер отбасы қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді.

«Бақытты отбасы» орталығының лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов пен Абат Бақтыгерейұлы кесті. Лента кесу рәсімінен кейін ақ дәм ұсынылып, шашу шашылды.

4C2A38C0-0BB5-4727-9A52-0320149F6DEC

Орталықта отбасылық дау-жанжалдардың алдын алып, мәселелерін шешу мақсатында жұмыс жасап қана қоймай, заңгерлік және психологиялық көмек көрсетілетін болады. Орталық ішінде балаларға арналған қызықты кітаптар, түрлі ойыншықтар мен баланың ойын дамытуға арналған құралдармен қамтамасыз етілген.

– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында әлеуметтік орталық ашу жоспарланған болатын. Аталған жобаны «Жақсылық жаса – Твори добро» қоғамдық бірлестігі ұтып алды. Жоба шеңберінде 18 жасқа дейінгі мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, аз қамтылған отбасы мүшелеріне, қолайсыз отбасыларға және де тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету және медициналық көмек беру үшін Казталов ауданының «Бақытты отбасы» орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасыларға психологиялық және заң тұрғысынан көмек көрсетілетін болады. Айта кететін жәйт, қоғамдық бірлестік 2019 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Елімізде бақытты отбасылар көбейе берсін, - деді «Жақсылық жаса – Твори добро» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меңсұлу Каримоллақызы.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале