9.10.2024, 12:15
Оқылды: 135

Ақжайықта жаңа баспананың кілті табысталды

Баспаналы болу – әр адамның арманы ғой. Ақжайық ауданында бірнеше отбасының осы арманы ақиқатқа айналды. Атап айтсақ, Бударин ауылында өткен салтанатта осы ауылдан екі, Алғабастан екі және Мерген ауылынан екі отбасыға су жаңа баспананың кілті табысталды.

IMG_3851

Осы қуанышқа орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Мұрат Сердалин қоныс иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады.

– Бүгін үлкен қуаныш – Бударин, Алғабас және Мерген ауылдарындағы екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Тұрғын үй – азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік әл-ауқаты баспаналы болуымен тікелей байланысты екенін өз Жолдауында баса атап өтті. Аудан халқымен кездесу жиындарында көтеріліп жүрген мәселелердің бірі де осы – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Жаңа қоныста орын тепкен отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, берекелі де бақытты ғұмыр кешіңіздер! – деді аудан басшысы.

IMG_3840

Салтанатта Бударин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Оразұлы қуаныш иелерін құттықтап, Халықтық «Жайдарман» әжелер ансамблі әннен шашу шашты.

Аудан басшысымен бірге жиналғандар да жаңа үйді аралап көрді.

Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде әртүрлі санаттағы 761 адам тұрса, соның 249-ы – әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Жыл басында Чапаев ауылындағы екі 3 қабатты 48 пәтердің тұрғын үй құрылыс жұмыстары аяқталып, осы санаттағы тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.

IMG_3867

Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, республикалық бюджет есебінен сатып алынған 17 баспана да жерлестерімізге бұйырды.

Сонымен қатар сегіз ауылда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 37 пәтердің құрылысы басталған болатын. Бүгінгі күнге соның алтауы, яғни Бударин, Алғабас, Мерген ауылындағы пәтерлердің кілті тұрғындарға табысталса, Жаңабұлақ, Ілбішін ауылындағы пәтерлердің құрылысы тәмамдалуға жақын. Демек, жуық арада олар да жаңа баспанаға қоныс аудармақ.

IMG_3767

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова және аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев болды.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале