Былтыр Казталов ауданындағы денсаулық сақтау саласы біраз жетістікке жетіп, ауқымды жобалар жүзеге асты.
Атап айтар болсақ, Қараоба дәрігерлік амбулатоиясы күрделі жөндеуден өтсе, Қараөзен мен Бостандық ауылдарындағы медициналық нысандар жаңадан салынып, ел игілігіне берілді.
Мұнымен қоса, ауданға 8 жедел жәрдем көлігі берілсе, 761 миллион теңгеге 51 медициналық құрал мен жабдық алынды.
Сондай-ақ Казталов аудандық ауруханасына 2024–2025 жылдары жапсарлас құрылыс жүргізіліп, көпбейінді орталық ауруханаға айналдыру жоспарланып отыр.
Аудандық аурухананы ауданаралық ауруханаға айналдыру үшін қосымша штаттар енгізу және 36 дәрігер, 56 орта буын медициналық қызметкерді қажет етеді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен ауданға Семей, Түркістан, Ақтөбе, Орал, Ақсай қалалары және Жәнібек ауданынан келген 6 дәрігерді қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан салынған алты тұрғын үйдің кілті табысталды.
Заманауи үлгідегі баспана құрылысы сапалы аяқталып отыр. Іші жарық әрі жылы үйлер жартылай жиһазбен қамтылған. Әр үйдің жеке жылыту, кәріз жүйесі бар.
Медицина саласының мамандарына баспаналардың кілтін табыс ету рәсіміне Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық №1 аурухананың бас дәрігері Руслан Ахметжанов және ауыл тұрғындары қатысты.
Шарада аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мамандарды қоныс тоймен құттықтап, баспана кілттерін табыстады.
Сонымен қатар айтулы шараға қатысқан медицина саласының ардагері Күнсұлу Искакова мен тұрғын үй иесі атанған жалпы тәжірибелі дәрігер, жас маман Мөлдір Бекбатырқызы сөз алып, қолдау білдірген облыс, аудан басшыларына алғыс білдірді.
Қоныс тойын тойлап жатқан дәрігерлер қатарында Түркістан облысынан келген жас маман, балалар дәрігері Әділбек Қалдыбеков те бар.
Жас маман жаңа үйіне бас сұққан аудан басшысына алғыс айтып, алдағы уақытта аудан халқының денсаулығын жақсартуға аянбай жұмыстанатынын жеткізді.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz