23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күніне орай Казталов ауданында ұйымдастырылған «Білімділер бәйгесі» интеллектуалды ойыны өз мәресіне жетті. Танымдық сайысқа ауданның мемлекеттік мекемелері мен ауылдық округтерінен құралған командалар қатысып, өзара білім мен біліктілік бойынша сынға түсті.

Зияткерлік дода барысында қатысушылар Қазақстан тарихы, мемлекеттік басқару жүйесі, Казталов ауданының өткені мен бүгіні, ұлттық салт-дәстүрлер, мәдениет және жалпы логикалық сұрақтар бойынша бақ сынады. Әр кезеңде командалар өздерінің жан-жақты дайындығын, тапқырлығы мен ұйымшылдығын көрсетті.

Интеллектуалды ойынның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің рухани-танымдық деңгейін арттыру, тарихи танымын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұжымдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту болды.
Шара соңында, Казталов ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік қатысушыларды мерекемен құттықтап, марапаттады. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша:
І орынды – Казталов ауданы әкімі аппараты,
ІІ орынды – Аудандық полиция бөлімі,
ІІІ орынды – Бостандық ауылдық округінің командасы иеленді.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық командалар жоғары белсенділік танытып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.
«Білімділер бәйгесі» – тек білім сайысы ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер мен полиция қызметкерлерінің кәсіби қызметтен тыс уақытта да ізденімпаздығын, ел тарихы мен туған өлкенің өткені туралы білімін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін айқындайтын тағылымды шара болды.
Ернәсіл Самиғоллаұлы,
Казталов ауданы