Бүгін Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиевтің төрағалығымен Казталов ауданы бойынша ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері жұмыстарына қатысты жиын өтті.
Жиынға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық статистика басқармасының басшысы Әділбек Лұқпанов, мекеме және бөлім басшылары, округ әкімдері, бас мамандар, шаруа қожалық жетекшілері, ауыл шаруашылық өндірістік кооператив төрағалары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде облысымыздың және ауданымыздың кәсіпкерлік саласын дамыту және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің 2024 жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдалды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев пен аудандық статистика басқармасының басшысы Әділбек Лұқпановтың баяндамалары тыңдалды.
2024 жылға Казталов ауданы бойынша заңды тіркелген 66 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Соның ішінде, жұмыс жасамайтыны 20, жұмыс істеп тұрғаны 46 кооператив. Барлық кооперативтердің мүшелері саны — 1 474 адам. Кооперативтерге тіркелгендердің дені жеке тұрғындар. 2024 жылы 4 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жаңадан құрылған.
Ауданда жұмыс жасап жатқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтердің негізгі жұмыс бағыттары — етті мал шаруашылығы болып табылады. 23 кооперативтің ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлері бар. Барлық жер көлемі 25 333 гектар. Жұмыс жасап тұрған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріндегі жалпы тіркелген малдың санына тоқталсақ, 22 431 ірі қара, 58 172 ұсақ қой малы, 341 жылқы.
2024 жылдың басынан мемлекеттік қолдаудың берілген бағыттарына 34 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі қатысып, шыққан шығындарының орынын толтыру үшін Үкіметтен 249 млн 183,7 мың теңге қаражат алған.
Жиын барысында шаруа қожалық жетекшілері мен ауыл шаруашылық өндірістік кооператив төрағаларына сұрақтар қойылып, олардан тұщымды жауаптар алынды.
Жиынға төрағалық жасаған аудан әкімінің орынбасары Рашид Нәсіпқалиұлы ауданда құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері жұмыстарын ұйымдастырудағы кейбір кемшіліктерді атап өтіп, ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын дұрыс жүргізуді тапсырды.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы