5.07.2018, 10:17
Оқылды: 69

Қазталовта қос ауылға таза су келді  

 

Kaztalov su (1)Астана қаласының 20 жылдығына орай  Қазталов ауданының Қайыңды, Ақпәтер ауылдарында таза ауыз су жүйесін қайта жабдықтау жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Қос ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісу үшін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева арнайы келді.


 

- Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ауылдарды таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүзеге асуда. Елімізде "Ақ бұлақ" бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның басты мақсаты - халықты қажетті мөлшердегі және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы орайда облысымыз бойынша былтырғы жылдан бері жобалық құны 4 млрд. теңге құрайтын таза ауыз су құбырларының құрылысы іске асуда. Қазталов ауданы бойынша 13 елді мекенге таза су тартылмақ. Ауқымды жұмыстың алғашқы нәтижелеріне Қайыңды мен Ақпәтер ауылдарының тұрғындары қол жеткізді. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын,- деген тілегін білдірді Б.Қонысбаева.

Kaztalov su (2)Сондай-ақ нысандардың ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Шыныбеков құрылыс жұмыстарын жүргізген «НовоселСтройСервис» және «БатысГазСтой» ЖШС басшыларына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.

Қос нысанның ашылу салтанатынан кейін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тищанқызы таза ауыз су қондырғыларының жұмыстарымен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті, су өткізген үйлерге де кіріп шықты.

Ауыз судың шапағатын көріп отырған жанның бірі – зейнеткер Сақыпжамал Жұмалиева Ақпәтер ауылында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарыпты.

Kaztalov su – Елімізде сапалы ауыз суға жарымай отырған елді мекендер көп-ақ. Өзіміздің басымыздан өтті ғой. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында көптеген елді мекендерге, әсіресе, шалғайдағы ауылдарға да су тартылып, халық сапалы ауыз судың игілігін көре  бастады.
Біз де үйімізге су кіріп, рахатын көріп жатырмыз. Мұндай игі істер су зардабын тартып отырған әр ауылда атқарылып жатыр. Осы жұмыстарды атқарған барлық азаматтарға алғысым шексіз, - дейді Сақыпжамал апа.
Айта кетейік, Қайыңды ауылындағы таза ауыз су жүйесін қайта жабдықтау жұмысына республикалық бюджеттен 196 млн. теңге қаражат жұмсалса, Ақпәтер ауылындағы нысанды қайта құрылымдауға 247 млн. теңге бөлінген болатын. Қос ауылға ауыз су жүйесі Қараөзен өзеніне қойылған тазарту құрылғылары арқылы жеткізіліп отырғанын айтып өткен абзал.

Қайрат ЖАҚЫП

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале