19.12.2024, 22:00
Оқылды: 179

Казталовта «Мәдениет майдангері» танымдық жобасының кезекті бағдарламасы өтті

Казталов аудандық ардагерлер үйінде С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Мәдениет майдангері» атты танымдық жобаның кезекті бағдарламасы өтті.
image-19-12-24-05-13-1
Аталмыш жобаның мақсаты – «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мәдениет саласы ардагерлерінің кешегі жүріп өткен жолдарын көпшілікке ұсыну, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында өскелең ұрпаққа таныстыру.
Бағдарламаның кейіпкерлері – 50 жылға жуық мәдениет саласының дамуына үлес қосқан республикалық байқаудың лауреаты, «Бүкіл одақты аспапта ойнау» байқауының жүлдегері Оразғали Машеров және күні бүгінде жұптары жазылмай өмір мен өнерде айырылмай келе жатқан досы Қайыркелді Төлешов.
image-19-12-24-05-13-3
Шара барысында «Ақторғын» ансамблі «Беу дүние» әнін нақышына келтіре шырқап, қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлады. Ақын Т.Айбергеновтың «Келеді адам өмірге маздау үшін, толқын іздеп өтеді өз бауы үшін» деген жыр жолдары бүгінгі кейіпкерлерімізге арналғандай.
Бағдарлама қонақтары бала кездерінде кім болуды армандағандары, қойылым кезінде қандай рөлді сомдағандары, өнерімен ел аралап жүргенде кездескен қызықты сәттерін еске ала отырып, келешек жастарға үлгі болар тағылымды әңгіме өрбітті.
Оразғали Нұретденұлы «Қараөзен толқындары» эстрадалық ансамбілін құрғандығын және домбыраны кімнен, қалай үйрендегі туралы, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, тәрбиелеген шәкірттері туралы сыр шертсе, мәдениет саласында моторист болып бастап, клуб меңгерушісі, концертмейстр, әдіскер, мәдениет үйі директоры қызметтерін атқарған Қайыркелді Төлешов сүйген жары Майрамен қалай танысқандары жөнінде қызықты әңгіме айтты.
Сонымен қатар өнерде бірге жүрген әріптестері де жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жүсіп Шакуов құттықтау сөз сөйлеп, алғысын білдірді.
Жоба ұйымдастырушысы Нұрия Самиғоллақызы Оразғали Машеров пен Қайыркелді Омарғалиұлына ризашылығын білдіре отырып, С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы атынан алғысхат пен естелік сыйлықтар табыс етті.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале