14.05.2026, 13:00
Оқылды: 0

Казталовта музыка мектебінің есеп беру концерті өтті

Казталов балалар музыка мектебінің дәстүрлі есеп беру концерті биыл «Өнер. Сенім. Шабыт» атауымен ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға керемет кеш сыйлай білді. Кешке ата-аналар, ұстаздар, қонақтар мен аудан тұрғындары қатысып, жас өнерпаздардың шығармашылығына куә болды.

image-14-05-26-10-11-4

Концерт шымылдығы Қазанғаптың «Ақжелең» күйімен ашылып, сахна төрінде «Жас толқын» ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Дирижері Анара Қарағойшиеваның жетекшілігімен орындалған шығарма ұлттық өнердің асқақ рухын сездірді.

Кеш барысында республикалық конкурстардың лауреаты Қайыржан Інжу Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» шығармасын орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар Төлеген Мұхамбеджановтың «Махаббат бекеті» шығармасы орындалып, кештің көркемдік мазмұнын арттыра түсті.

Сахна төрінде өткен «Күй тартыс» бөлімі де көпшілік назарын аударғаны анық. Облыстық байқаулардың Гран-при иегері Самархан Темірлан, облыстық байқаулардың лауреаты Ермұхан Медеу және Жүсіпов Әділет күйшілер өнерінің тереңдігін көрсетті десек артық айтқаныдық емес.

image-14-05-26-10-11

Концерт барысында жүргізушілер балалар музыка мектебінің 60 жылға жуық тарихына тоқталып, өнер ордасының талай дарынды шәкірт тәрбиелегенін атап өтті. Сонымен қатар өнерге деген сүйіспеншілік пен шәкірт арманы жайлы әсерлі ойлар айтылды.

Кеште Айқынның өнердегі достары Сатыбалды Ерасыл мен Камидоллин Әмір орындаған «Попурри» триосы көрермен көңілін көтерді. Ал облыстық байқаулардың жеңімпаздары — Балалар шығармашылығы және технологиялар орталығының «Шаттық» бишілер ансамблі «Нұр шашу» биін мың бұрала билеп, сахна сәнін келтірді. Ұшқын Жамалбектің «Жұлдыз болып жанамын» әнін орындаған «Сенім» вокалдық тобы өз дауысытарымен сахнаны шаттыққа бөледі.

Домбыраның қасиетін дәріптеген кеште жас домбырашылар ансамблі Қуандық Саденовтың «Құлыншақ» күйін орындады. Сонымен қатар Г.Беренстің «Полька» шығармасын сырнайшылар ансамблі орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл, ал дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай олардың шығармалары да концерттен орын алды. Домбырашылар ансамблінің үлкен тобы Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйін орындаса, орта топ Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйін шебер жеткізді.

image-14-05-26-10-11-1

Кеш барысында «Абырой» вокалдық тобы Жанболат Әділовтің «Рух» әнін орындап, елдік пен патриоттық рухты көтерді. Ал «Шаттық» бишілер ансамблі ұсынған «Тойдуман» биі көрерменнің қошеметіне ие болды.

Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттаған «Дәстүрлі әндер шеруінде» Қатимолла Бердіғалиев атындағы дәстүрлі ән сыныбының оқушылары өнер көрсетті.

Сондай-ақ «Әуен» вокалдық тобы орындаған «Попурри» мен халық әні «Қызыл құмда ауылымды» орындаған вокалды аспаптық ансамбль кеш көркін аша түсті. Сахнада қобыз сыныбының оқушылары Сабина Мұстахова мен Мәдина Бақтығалиева өнер көрсетті.

Нұрғиса Тілендиевтің «Құс қайтты Алматыма» әнін Болат Айару, Нұрлан Ақзер және Нұрлан Айару орындаса, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін дәстүрлі ән сыныбының оқушысы Булат Мэлс шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі — Нұрғали Тасқараның «Балалығым балдәуренім» әні болды. Бұл туындыны «Күншуақ» балалар хоры орындап, көрерменге балалық шақтың балдәурен күндерін еске салды.

Концерт финалында Н.Нығметовтің «Саз мектебі» шығармасы орындалып, кеш әсерлі қорытындыланды.

image-14-05-26-10-11-2

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы Қайырлиев және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы Джангереева сөз сөйлеп, жас өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.

«Өнер. Сенім. Шабыт» атты есеп беру концерті — өнерге ғашық жас буынның таланты мен еңбегін айқындаған, ұлттық өнердің құндылығын дәріптеген жарқын кеш болды.

 

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале