Өнер – адам жанының айнасы, рухани байлықтың қайнар көзі. Қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, сахна мен көрермен арасындағы алтын көпірге айналып жүрген талантты жастардың бірі Нұрбек Ерболұлы.
Нұрбек Ерболұлы 1990 жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылында дүниеге келген. Ол отбасындағы тұңғыш немере болып, ата-әжесінің мейіріміне бөленіп өседі. Бала күнінен зерек, өнерге құштар болып өскен Нұрбек әкесінің бауырлары ойнаған домбыра, гитара, гармонь сынды музыкалық аспаптардың үніне құлақ түріп, өнерге деген қызығушылығын ерте оятады.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі мәдени шараларға белсене қатысып, сахнада өзін еркін ұстай бастайды. Жігіт сұлтаны байқауларына қатысып, жетекшілерінің қолдауымен бала даусымен ән шырқап, көпшілікке таныла бастайды. Сонымен қатар, ол кітап оқуға ерекше қызығып, ертегілер мен эпостар арқылы өзінің қиялын дамытып, рухани дүниесін байытады.
Мектепті тәмамдаған соң, Нұрбек Орал педагогикалық колледжінде білім алып, кейін жоғары оқу орнында оқуын жалғастырады. Студенттік жылдары КВН ойындарына қатысып, театр үйірмелерінде өнер көрсетіп, сахнада тәжірибе жинақтайды. Алғашында ұстаздық қызмет атқарып көргенімен, жүрек қалауы өнерде екенін түсініп, бұл жолды түбегейлі таңдайды. Кейін Жұмабек Тәшенов атындағы университетте «Музыка білімі» мамандығы бойынша білімін сырттай аяқтайды.
Нұрбек Ерболұлының шығармашылық жолы табыстарға толы. Ол облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, «Үздік ер адам рөлі» номинациясын бірнеше рет жеңіп алған. Сонымен қатар ол көрермен көңілінен шыққан мықты жүргізуші. Оның сахнадағы шеберлігі, сөз саптауы мен көрерменмен байланыс орната білуі ерекше бағаланатын қасиеттерінің бірі.
2015 жылы Нұрбек Орал қаласында өткен концерттердің бірінде өнер көрсетіп, өзінің талантымен облыс әкімінің назарын аударады. Оған теледидар саласында жұмыс істеу ұсынысы түссе де, ол туған жерінде қызмет етуді жөн көреді. Бұл оның туған елге деген адалдығы мен қарапайымдылығын көрсетеді. 2016 жылдан бастап ол мәдениет үйінде қызмет етіп, шығармашылығын жаңа деңгейге көтереді. Театр сахнасында түрлі рөлдерді сомдап, кәсіби режиссерлердің назарын аударады. Оның актерлік қабілетін жоғары бағалаған мамандар оны үлкен сахналар мен кино әлеміне шақыра бастайды.
Нұрбек көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдап, көрермен жүрегінен орын табады. Сонымен қатар, «Тар заман» фильмі мен «Сарай сыры» телехикаясында бой көрсетіп, өз өнерін кең аудиторияға танытады. Белгілі өнер қайраткерлерінің қолдауына ие болып, шығармашылық жолында жаңа белестерді бағындырады.
Оның репертуары да бай. Ол «Ғашықтың бәріне», «Мен қазақтың баласы», «Анашым шалқып күлсең», «Әке арманы», «Сұлуым», «О махаббат», «Ұлыма ақыл» сияқты әндерді орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлап жүр. Әрбір әнді жүрекпен жеткізіп, тыңдарманға терең эмоция сыйлайды.
Нұрбек өзінің шығармашылық жолында көптеген қолдау мен сенімге ие болды. Оның таланты мен еңбексүйгіштігін бағалаған өнер жанашырлары мен басшылар оған әрдайым сенім білдіріп, үлкен мүмкіндіктер ұсынды. Әсіресе, Орал қаласында өткен концерттердің бірінде оның өнеріне жоғары баға беріліп, облыс басшылығы тарапынан теледидар саласына жұмысқа шақырту алғаны оның кәсіби деңгейінің айқын дәлелі.
Осындай құрмет пен ұсыныстарға қарамастан, Нұрбек туған жеріне қызмет етуді жөн санап, өз елінің мәдениетін дамытуға үлес қосуды таңдады. Бұл оның елге деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымының көрінісі деп білеміз.
Осы шығармашылық ізденістің нәтижесінде Нұрбек Ерболұлы Казталов аудандық мәдениет үйінде өзінің «Диагноз – Өнер» атты жеке шығармашылық концертін ұйымдастырып, көрерменге үлкен рухани кеш сыйлады. Бұл кеш оның өнер жолындағы еңбегінің жемісі, көрерменге деген алғысы мен шынайы ықыласының көрінісі.
Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы