15.10.2022, 23:31
Оқылды: 31

Казталовта өткен дүбірлі той

Казталов ауданының дамуына негіз болып отырған ол — ауыл шаруашылық саласы. Әсіресе биылғы жыл бұл сала үшін ең қолайлы жыл болды десек артық болмас. Берекелі жылымыз жауын-шашынды болып, өзен-көлдерімізге молынан су түсіп, шөбіміз, егініміз бітік шықты. Бұл кең даламыздың төсінде жайылған төрт түлік малдан төл алған мал баққан ағайынды табысқа кенелтті.

20221015092536_IMG_7880

Осыған орай 15 қазан күні ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін түйіндеу мақсатында аудан орталығы Казталов төрінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, салалық бөлімдер мен округ әкімдіктерінің ұйымдастыруымен «Дархан дала – берекелі ауыл»​ атты мәдени-көпшілік шарасы оздырылды.

20221015045840_IMG_7700

Казталов ауылының батыс бағытындағы кең алқапта ақшаңқай киіз үйлер, киелі сахна құрылып, кәсіпкерлер келген көпшілікке ыстық қуырдақ, кәуап пен қымыз-шұбаттарын ұсынды.

20221015055056_IMG_7727

Көпшілік шараның шымылдығы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері сомдаған театрландырылған көрініспен ашылды. Шарада сөз алған Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылық саласының ардагерлері және осы салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.

20221015060306_IMG_7749

Марапаттан кейін аудан көркемөнерпаздары даярлаған мерекелік концертті тамашалауға мүмкіндік туды.

20221015063507_IMG_7768

Той қызығы ат тұяғының дүбіріне толған бәйге мен спорттық шараларға ұласты. Тай жарыс, құнан жарыс, топ бәйге, аламан бәйге ұйымдастырылып, арғы шеті Атырау облысы, бергі шеті өңіріміздің Теректі, Жәнібек, Бөкей орда, Сырым аудандарынан арнайы келген сейістері мен болат тұяқ тұлпарлары сынға түсті.

20221015064508_IMG_7779

Сонымен бірге білекті де жүректі ауыл азаматтарының күштерін сынаған күштік экстрим, арқан тартыс, қой көтеру секілді спорттық шаралар тойдың көрігін қыздырды.

Шара соңында жиналған көпшілік киіз үйлерде даярланған дастарханнан дәм татып, бәйге мен спорттық шараларда жүлде алғандарды марапаттау рәсімі өтті.

20221015075057_IMG_7830

Қой көтеру жарысында бостандықтық Жігер Маусымов дес бермей, жүлдеге тігілген қойды еншіледі. Арқан тартудан ауданымыздың тыныштығы мен тәртібін күзетіп жүрген аудандық ішкі істер бөлімінің жігіттері мықтылық танытып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал күштік эктримде мықтылардың ішінен білек күші басым болған Еламан Сағатұлы 1-орынға табан тіреді.

20221015064320_IMG_7777

Халықтың арқасын қоздырып, тағатсыздыққа бөлеген тай жарысында Жалпақтал ауылынан келген Ербол Әмірханның тайы озып келсе, құнан жарыста Атырау облысынан келген Ерік Дүйсеновтің тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Топ бәйге де тартысты өтіп, Көктерек ауылының сейісі Миржас Төлегеновтың сәйгүлігі бірінші орынды қанжығасына байлады.

Аламан бәйгеде шапқан Қамбар ата ұрпақтарының ішіне тағы да көктеректік Миржас Төлегеновтың «Байрақ» атты тұлпарының бабы келісіп, бағы жанды. Яғни, бас жүлдеге тігілген 1 млн. теңгені ұтып алды.

Ауданымыздың ауыл шаруашылық саласындағы жетістігін​ паш еткен дүбірлі той жоғары деңгейде өтті.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале