Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық етті.

Комиссия отырысының күн тәртібінде құқық қорғау органдарының атқарған жұмысы, мемлекеттік органдардың тұрғындар алдындағы ашықтығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, еңбек және атқарушылық тәртіпті сақтау, сондай-ақ мүдделер қақтығысы мен заңда белгіленген шектеулердің орындалуы секілді өзекті мәселелер қаралды.
Алдымен аудан аумағында 2025 жылы және 2026 жылдың өткен кезеңінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар қаралды. Қазталов аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Данияр Байдуллин мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Олжас Абдрахман баяндама жасады. Құқық қорғау органдары үшін бұл бағыттағы жұмыстың басты салмағы — құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар оның алдын алу. Заң талаптарын түсіндіру, қызметтік әдепті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және халықпен ашық байланыс орнату осы міндеттің маңызды тетіктері саналады.

Комиссияда мемлекеттік органдардың тұрғындар алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіп отырған жұмыстары да сараланды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағат Нұрмұханбетов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асланбек Мұстахимов есеп берді. Бұл салалардың әрқайсысында мемлекеттік қызмет көрсету мен тұрғындармен тікелей жұмыс істеу үлесі жоғары. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудан бастап, кәсіпкерлік субъектілерімен және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен өзара іс-қимылға дейінгі барлық үдерісте ашықтық пен заңдылықтың сақталуы маңызды.
Мәселенің бір қыры — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова жергілікті атқарушы органдарда осы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Жиында еңбек және атқарушылық тәртіп мәселесі де қозғалды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Мұқағали Шоқпанов қызметкерлердің еңбек тәртібін сақтау, тапсырмаларды белгіленген мерзімде орындау және азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Ал аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгерінің міндетін атқарушы Назерке Гайсина комиссияның бұрынғы хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер және мүдделер қақтығысын болдырмау мәселелері жөнінде баяндады.
Жиында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті. Мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті халықтың билікке деген сеніміне әсер ететінін ескере отырып, заңдылық, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын күнделікті жұмыстың берік негізіне айналдыру қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қоғамның ортақ міндеті екенін ескере отырып, бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдарды заң талаптарын сақтауға шақырды.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы