20.04.2023, 11:30
Оқылды: 13

Казталовта «Сырғалым» журналы жарыққа шықты

Казталов ауданында сұранысқа ие газет-журналдар қатары тағы бір басылыммен толықты. Қыз-келіншектерге арналған басылымдар арасына ауданның төл туындысы – «Сырғалым» журналы қосылды. Ауданда өзінің іскерлік қырымен, жан-жақтылығымен, қоғамдағы белсенділігімен халықтың көзайымына айналған қыздар мен келіншектер жөніндегі деректер «Сырғалымда» баяндалған.

IMG-20230309-WA0028

«Сырғалым» журналы алдымен 2022 жылдың 8 наурызында «Жетістікке жеткен Қосөзен арулары» деген атаумен жарық көрді. Сол кездегі аудан әкімі Альберт Есалиевтің алғы сөзімен оқырманға жол тартқан журналдың алғашқы санында 29 қыз-келіншектің кәсібі жөнінде баяндалған. Біреуге алақан жаймай, кәсібін қолға алып, өзін жанжақты дамытып, қоғамға үлесін қосып жүрген әйелдердің еңбегі әлдекімді жігерлендіруі мүмкін.

«Алғашында «Жетістікке жеткен Қосөзен арулары» деген атаумен жарық көрген басылымның кейін «Сырғалым» атануының себебі неде?» деген де сауал бар. Бұл сауалға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова журналдың атауына қатысты пікірі мен басылымның мақсатын айтып өтті.

– Қазіргі таңда қоғамда көзі ашық, көкірегі ояу, өзін-өзі дамытуда белсенділік танытып жүрген арулар саны артып келеді. Ауданымызда да жаңа бастамасымен халықтың қолдауына ие болып, алғысын арқалап жүргендер бар. Бұл журналды жарыққа шығарғандағы басты мақсатымыз – еңбек адамының ісін қоғамға насихаттау. Біз бұл арқылы көптеген әйелді еңбек етуге, өзінің мүмкіндігін арттыруға деген қызығушылығын оята аламыз. Сөйтіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, масылдық идеологиясынан арылып, қоғамға пайдасы тиер азаматтардың қатарын толықтыруға ниеттіміз. Әуелде журналымыз сөйлем іспетті болған «Жетістікке жеткен Қосөзен арулары» деген атаумен аталды. Кейін аудандық басылым өміршең болсын деген ниетпен «Сырғалым» деген атауға тоқталдық. Мұның себебі халқымыз қыз баланың сұлулығына үйлесімді болуы үшін бала жастан құлағын тесіп, сырға тағып, «Сырғалым» атаған. Біздің осы атауға тоқталуымыздың тағы бір себебі – ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді насихаттау, – деді Зәйлім Исатайқызы.

FB_IMG_1681084586511

«Сырғалымда» ұлттық дәстүрімізді, өнерімізді, тағамдарымызды насихаттап жүрген ақ жаулықты аналарымыз, аруларымыздың еңбегі жазылған. Журналдың тағы бір ерекшелігі – мұнда әркім өзге емес, өз жайында өзі баяндайды. Өйткені маңдай термен келген еңбектің бейнеті кейіпкердің өзіне ғана мәлім. Ал кейіпкердің өзі жазған ғұмырдерегін Әсем Халиуллина, Жансая Баянова, Жұлдыз Талапова сынды ауданның тілшілері қазақ тілінің тілдік нормасына салып, сүзгіден өткізді. Журналдың №2 санына 27 қыз-келіншектің  есімі еніп, еңбегі жазылды.

– Ауданымызда «Сырғалым» атты журнал көктемде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жарық көрді. Әрбір әйел елеусіз қалмауы және еңбегі бағалануы керек деп ойлаймын. Ертеден келе жатқан қолөнер, тамақ пісіру кәсібін аналарымыздан қабылдап, бойымызға дарыттық. Әлі есімде, ертеде ауданымыздан кейбір апаларымыз көршілес Александров-Гайдан тауар тасып, кәсібін дамытқан. Қазіргі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда тәуелсіз мемлекетте еңбек етіп, қоғамға кішкене болсын пайдамызды тигізсек, біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жас ұрпаққа үлгі боларлық, аудан руханиятында өзіндік орны бар журнал болмақ. Осы журналдың шығуына үлес қосқан аудан әкімдігіне алғысым шексіз, – деді жеке кәсіпкер Айгүл Айткулова.

Журнал аудан әкімдігінің қолдауымен жарық көрді. Жылына бір рет шығатын журналдың алдағы сандарында мемлекеттік қызметтегі, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әйелдер хақында деректер жазылып, айдарлар ашылмақ. Осы бағытта арнайы құрылған редакция алқасы жұмысын бастап кетті.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале