Бүгін Казталов ауданы орталығындағы мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне орай аудан көркемөнерпаздарының біріккен «Желтоқсан рухы — Тәуелсіздік туы» атты театрландырылған қойылымы сахналанды.
Шығарма желісінде қазақтың жігіттері мен қыздарының қайсарлығы, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған егемендік жолындағы күрестері бейнеленген.
Бейнебаянмен басталған қойылымда қарияның қасиетті қара топырақ туралы айтқан толғауы, сол топырақты көзінің қарашығындай қорғаған батырлардың ерлігі шебер көрсетілген. Қойылым барысында «Батырлар жыры» әні көрерменнің делебесін қоздырды. Сонымен қатар, ашаршылық кезеңіндегі халықтың жағдайы, 1930 жылдардағы аштықтан бұратылған қолында сәбиі бар ананың бесік жыры, аштықтан жылаған баланың шетінеп кетуі көрермен көзіне жас алдырды.
Алаш қайраткерлерін сомдаған театр әртістері «Алаш Аманаты» позиясын оқып, артынан экран арқылы алаш қайраткерлерінің қайсарлығын бейнелейтін көрініс көрсетілді. «Пошта келген сот» көрінісінде соғыс кезеңі сахналанды. Онда соғыстың адамзат тарихындағы ауыр қасірет әкелгенін, сұрапыл соғыс кезінде Төлеген Тоқтаровтың ерлікпен қаза тапқаны шебер бейнеленген.
Ауыл театрының беделді мүшесі, танымал термеші Бейбіт Оразов Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін орындады. Осыдан кейінгі қойылым елін, жерін жаудан қорғап, қасиетті дархан даланы азат етуде күрескен қазақ жерінде болған ядролық жарылыстар мен Желтоқсан оқиғасына арналып, «Желтоқсан желі» әні шырқалды.
Қойылым әр жыл тарихында шыққан кейіпкерлер сахнаға шығып,«Өлмейміз» әнімен қорытындылады.
Кеш соңында аудан жұртшылығы атынан өнер ұжымына ықылас гүлін табыстады.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы