23.10.2024, 23:30
Оқылды: 166

Казталовта «Үздік кітапханашы – 2024» байқауы өтті

Бүгін Казталов ауданы әкімдігінің, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен кітапханашылар арасында «Үздік кітапханашы – 2024» аудандық байқауы өтті.

image-23-10-24-06-38-3

Байқаудың мақсаты – кітапхана мамандығының имиджін, шығармашылық, іскерлік белсенділігін қоғам алдында арттыру.

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» болып табылады. Жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев "Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын" деп, кітапхана мамандығын жоғары бағалап кеткен. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері.

Байқауға 10 кітапханашы қатысып, сынға түсті. ІІ кезеңнен тұратын бағдарлама бойынша қатысушылар өз қабілеттері мен өнерлерін ортаға салды.

Байқаудың қорытындысы аудандық мәдениет үйінде «24 қазан – Кітапханашылар күніне» мерекесіне орай «Мамандығым – мақтанышым» атты мерекелік кешпен жалғасын тапты. Мерекелік шараға аудан әкімі, бөлім басшылары және зейнеткер кітапханашы апаларымыз қатысты.

Кітапханалар мәдени және білім беру мекемелері қана қоймай, қазіргі қоғамда мемлекеттік саясатты, әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуды жүзеге асыруда ықпал ететін замануи орталықтарға айналды. Айтулы күнде кітапханашыларды аудан әкімі Асланбек Сарқұлов:

-Кітапхана – рухани бай ордамыз. Еңбектеріңіз еселеніп, абыройларыңыз арта берсін. Кітапханашылар бүгін кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Кітапханашылар ауданымыздың балаларының, жастарының, ауыл тұрғындарының рухани азық алуға, тұлға болып қалыптасуына үлесін қосып жүрген жандар. Сол ауылдан ұлтжанды азамат, кітапқұмар жандар шықса, ол сіздердің еңбектеріңіз деп білеміз. Елім үшін жасап жүрген еңбектеріңіз жаңа берсін! Халыққа азық беретін еңбек жолдарыңызда қанаттарыңыз талмай, биікке самғай беріңіздер!, - деді құттықтау сөзінде.

image-23-10-24-06-38-1

Салтанатты шарада ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Анаргүл Жұмашева (орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалармен жұмыс әдіскері), Батыс Қазақстан облыс әкімінің «Алғысхатымен» Үміт Хайруллина (Жалпақтал модельді кітапханасының кітапханашысы), Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғысхатымен Қымбат Байдулова (Әбіш ауылдық кітапханасының кітапханашысы), Балжан Елеусінова (Саралжын ауылдық кітапханасының кітапханашысы), Мейрамгүл Айтжанова (Жалпақтал балалар кітапханасының кітапханашысы), аудан әкімінің алғысхатымен Гүлістан Рахымғалиева марапатталды.

image-23-10-24-06-38

«Үздік кітапханашы-2024» байқауының нәтижесінде ІІІ орынды Гүлсім Насиболлақызы (Қайыңды ауылы) мен Анаргүл Қажымұратова (Казталов ауылы) иеленсе, ІІ орынды Жанерке Аминова (Бозоба ауылы), І орынды Гүлжихан Ерғалиева (Бірік ауылы) иеленді. Бас жүлдені Жансая Шайдоллина жеңіп алды. Жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлықтар, гүл шоқтары табысталды.

«Аманат» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Аткешов – «Аманат» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің алғысхатымен Лиза Ақбулатованы (Қошанкөл ауылы), Айгүл Гайсинаны (Қоныс ауылы), Гүлсім Хасанованы (Қайыңды ауылы), Магия Нигметованы (Казталов ауданы), Жансая Асқарды (Ақпәтер ауылы) марапаттады.

image-23-10-24-06-38-2

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Даулетова Ж.Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының «алғысхатымен» Айгүл Қалекенованы, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының «Алғысхатымен» Жанна Баймағанбетованы, Нұрсауле Қойшекенованы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «алғысхатымен» Гүлнұр Ізмағанбетованы, Роксана Бакишты марапаттады. Сонымен қатар кітапқұмар оқырмандарға алғысхатпен естелік сыйлық табысталды.

Мерекелік шарада «Кітаптың қадірі», «Кітап және Кітапхана», «Бақыт деген не өзі?» поэзиялары оқылды. Гүлдана Дәулетова мен Жанар Ныгметованың «Кітапханашылар әні» көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты шара Абай Мақсоттың «Кітапханашы қыздар-ай» әнімен аяқталды.

Гүлнұр Бөлешова

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале