Ауыл тұрмысын жақсартып, оған мейілінше көңіл бөлу – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Бүгінде осы міндет кешенді жоспарлар арқылы жан-жақты орындалып, жергілікті жерді мекен еткен тұрғындардың көңілінен шығуда. Оны ауыл халқы толықтай сезініп отыр.
22 маусым күні Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов кезекті жұмыс сапарымен Әбіш, Көмекші, Жаңажол, Жалпақтал, Қараөзен, Жас ауылдарын аралап, ондағы атқарылып жатқан ауқымды істермен танысты.
– Биыл Казталов ауданы бойынша жергілікті халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 27 елді мекенде 115 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілетін болады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Мемлекет тарапынан ауылдың жағдайын жақсартуға барлық жағдай жасалуда. Соның бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 22 тұрғынға үйлер сатып алынып берілді. Жуық арада аудан тұрғындарына арналып екі пәтерлік тұрғын үйлер қолданысқа беріліп, 115 тұрғын баспанамен қамтамасыз етілетін болады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен «Қаладан ауылға» бағдарламасы өңірімізде іске аса бастады. Аталмыш бағдарлама аясында қаладан ауылдық жерге көпбалалы отбасыларды көшіріп, оларды тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз ету шаралары көрсетілетін болады.
Осы бағдарлама бойынша ауданымызда қаладан ауылға көшіп келетін ниетті жандарға алаңсыз тұратын сегіз ауыл таңдалып, арнайы жобаны жүзеге асыру істері басталып кетті. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді салатын мердігерлер анықталып, қаладан келетін отбасыларға үйлер салынып жатыр.
Ауылға көшуге қызығушылық танытып жатқан отбасылар баршылық. Оларға ауылға тұрақтап қалу үшін барлық жағдайды жасап, демеушілердің көмегімен көшіп келген әр отбасыға ірі қара және ұсақ мал беруді жоспарлап отырмыз.
Әбіш, Көмекші, Жас ауылындағы тұрғын үйлер «Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша келген отбасылар үйлі болады. Оған жергілікті жердегі мектептерде бала санын көбейту мақсатында қаладан жас отбасыларды көшіріліп әкелу жұмысы жоспарлануда. Қазіргі таңда көшіп келетін отбасылар анықталды. Енді оларды жергілікті мекенжайға тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданымыздағы салынып жатқан тұрғын үйлерді жергілікті жердің жігіттері салып жатса, Жалпақтал, Жаңажол ауылдарында орнатылған таза су қондырғыларының өнімділігін көбейту жөнінде алдағы уақытта нақты шешімдер қабылданатын болады.
Ал мемлекеттік бағдарлама бойынша грант алып, жылыжайда бақша өнімдерімен айналысып жатқан Мұрагер Мұқанов пен жеке балабақша ашқалы жатқан Нұрлан Қуатов өз кәсіптерін тұрақты өрбітіп көпке үлгі болуда, - дейді аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы