Орал қаласында жаңа оқу жылына арналған педагогтердің облыстық тамыз конференциясы өтті. «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбында ұйымдастырылған іргелі жиында білім саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер сараланды.

Конференция аясында ұзақ жыл бойы еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген сала мамандары марапатталды. Олардың қатарында Қазталов ауданының бес педагогі де бар. Атап айтқанда, А. Оразбаева атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақкенже Хайруллина білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар аталған мектептің директоры Марал Төлекенова мен Қазталов мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Мерхат Ибатов Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Алғысына» ие болды. Ал Жаңажол мектебінің қосымша білім беру педагогі Орынбасар Бегалиев пен Қазталов мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абзал Есенғазы Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі. Білім саласындағы маңдай тері мен еселі еңбегі осылайша жоғары бағаланған ардақты мамандардың жетістігі барша қазталовтық ұстаздар қауымына көрсетілген зор құрмет.
Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы