Бүгінде кәсіп бастап, өз нәпақасын табамын деген жандарға мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді. Ауылдың дамуына демеу болған — «Ауыл аманаты» бағдарламасын атап өтуге болады.
Осыдан біраз жыл бұрын Казталов ауылының тұрғыны Ербол Аяпов үйінің ауласынан жиһаз жасайтын цех ашқан болатын. Ербол 2019-2020 жылдары жиһаз өндіруді қолға алған. Цехты ашқаннан бері қажетті құрал-жабдықтарды алып, өз бетінше жұмысын жасап келеді. Бүгінде ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен 5 млн. 200 мың теңге несие алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Ауыл тұрғындарының сұранысына ие жиһаз жасайтын кәсіп аудан көлемі жоқ деп айтуға болады. Еңбекқор жігіттің жұмыс орнына барып, жиһаз цехының жұмыс барысымен танысып қайттық. Цех ішінде жиһаз жасайтын қажетті құрылғылардың алуан түрі бар. Құрлығылар әртүрлі қызмет атқарып, жиһаз жасауға септігін тигізеді. Жиһаз жасауға қажетті шикізатты облыс орталығынан арнайы тапсырыспен алдыртады екен.
Кәсіпкер азамат өз кәсібі туралы айтып берді.
— Өз бизнесін бастаймын немесе шағын кәсібімді кеңейтемін деген азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мен де жоба аясында кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік алып, жиһаз жасауға қажетті станоктарды сатып алған болатынмын. Қазіргі кезде ауыл, елді мекендер және облыс орталықтарынан тапсырыстар алып, уақытында жасап, жеткізіп жатырмыз. Тапсырыстар негізінде ауыл ішінде, көрші аудандардан, мекемелер мен әкімшіліктерден (мемлекеттік сатып алу порталы бойынша) түседі. Жиһаздың бағасы ауыл тұрғындарына қолжетімді. Цехта 3 адамды тұрақты жұмыс жасайды. Алдағы жоспарымызда ғимаратты үлкейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды ойластырудамыз. Біздер үйге қажетті шкаф, ас үйге керек үстел, отырғыштар, кішкентай бүлдіршіндерге арналған жатын жиһаз түрлерін жасап жатырмыз. Алдағы уақытта балаларға арналған ойыншықтар да жасау жоспарымызда бар. Бәрі жақсы болса, табысымызды арттырып, үлкен жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз, - дейді «Казталов жиһаз» цехының жетекшісі Ербол Аяпов.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы