Казталов ауданының Жаңажол ауылдық округінде жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантқа үміткерлерден өтінім қабылданған болатын.
– Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау үшін берілетін қайтарымсыз грант жаңадан бастау алған бизнес жобаға беріледі. Осы тұрғыда мөлшері 1 476 800 теңгелік бизнес-бастау грантын Жаңажол ауылының тұрғыны Мержан Өтеғалиев ұтып алды. Әрине, қайтарымсыз грант – әлеуметтік осал топтағы жұмыссыз азаматтарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама. Оған өтініш берген Мержан Тұрашұлы көпбалалы отбасы есебінде мемлекеттік грантты ұтып алған еді.
Өтеусіз грант сомасы 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 476 800 теңгені құрайды. Мемлекеттік грант қаражаты кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін бір жолға қоюға және қолға алған бизнесін дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, ауыл тұрғыны Мержан Өтеғалиевке грант алу шарттарына сәйкес өзінің іске асырар кәсібін бір жолға қою үшін арнайы тапсырмалар міндеттелінеді. Осыған қарап, мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз гранттың жаңа жобасы кәсібін енді бастаған ауыл кәсіпкерлеріне аса қажетті бағдарлама деп нық сеніммен айта аламыз.
Себебі, аталмыш қаржымен бизнесін бастап, аяқтан тұрған ауыл кәсіпкерлері көптеп саналады. Сондықтан аталмыш гранттың қаржысы аса көп болмаса да, талай жаның үмітін оятатынына сеніміміз мол. Мәселен, Жаңажол ауылының тұрғыны Мержан Өтеғалиев көпбалалы отбасы әрі жұмыссыздар санаты бойынша 2024 жылдың тамыз айында қайтарымсыз грантқа қатысып, 1 476 800 теңгені ұтып алған болатын.
Осыдан кейін ол өзінің оң жамбасына келетін пластикалық терезе жасау кәсібін қолға алып, табысты жұмысын жандандыра бастады. Мержан Тұрашұлы негізінен пластикалық терезе жасаумен 2012 жылдан бері шұғылданып келеді. Болашақта осы бизнесті кәсіби тұрғыда қолға алуды жоспарлаған ауыл кәсіпкеріне тек қана табыс тілейміз, - дейді Жаңажол ауылдық округінің әкімі Арман Болатұлы.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы