3.12.2024, 15:15
Оқылды: 30

«Казталовтық Мырзагелді Таспиховтай азаматтар көп болсын»

Казталов ауданында әкеден қалған шопан таяғын ұстап, шаруасын дөңгелеткен, атакәсіптің арқасында нәпақасын тауып, елімен бөлісе білген «Әжікей» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзагелді Таспиховты танымайтындар кемде-кем.

IMG-20241201-WA0010

Қошанкөлдік Мырзекең – табиғатынан қайратты, еңбекқор азамат. Қай кезде де айналасындағы шаруасын шырқ айналдырып, шауып жүргенін көреміз. Елдің бір мұқтажы үшін жылу жинаған кезде де Мырзекең алдыңғы қатардан көрініп, қолынан келгенше көмегін аямайды.

Мырзекеңнің жомарттығы туралы тізе берсек, бір емес бірнеше мақалаға арқау болары анық.

«Азаматына қарап, ауылын таны» демекші, Мырзекең еліне қалай жаны ашыса, туған жердің табиғатын аялауға да жанын салады. Мырзекеңнің шаруасы шалқыған Әжікей қыстағына барып көрсеңіз болады. Табиғаты жайқалған әйгілі Көктерек тоғайының баурайында орналасқан. Малға да, жанға да жәйлі құт мекен. Сарыөзен арнасынан тасыған жылдары жасыл желекке бөленген Көктеректегі шабындықта көк шалғын адам бойымен тайталасады. Нағыз таптырмас жұмақ дерсің?!

Сол әдемі көріністің нақышын табиғатпен біте қайнасып, жайылған малдың өзі келтіреді. Көктемдегі төрт түліктің суреттерін айтып, жеткізу мүмкін емес...

Жуырда Мырзагелді ағамыздың бастамасымен Сарыөзен бойындағы сай-салада қайраңдап қалған балықтардың құтқару операциясы ұйымдастырылды. Биылғы жылы көктемде Сарыөзенге ағын су молынан келіп, артылғаны далаға шыққан болатын. Сол кезден қалған су мұз қатқанша кеппеген.

Қарашаның қара суығында Мырзагелді Таспиховтың мұрындық болуымен Қошанкөлдің азаматтары қайраңда қалған сазан, мөңке, шортан секілді балықтарды аулап, Көктерек тоғайындағы Медет сайына жіберді.

Бұл да бір азаматтардың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі деп білеміз. Мырзекеңдей жанашыр азаматтар көп болсын!

Қайрат Жақып

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале