Туған жерінің киелі қасиетін сезініп, ата-әжесінің өнегесі мен Кенжебек Меңдәлиев атындағы алтын ұя мектебінің аманатын арқалаған Саида Абуханова білім шыңының асқақ арманына көтеріліп, өз мектебінің мақтанышына айналды. Ол сыныптастарынан оқ бойы озық тұрып, оқуда озат болды. Білімге деген ынта-жігері Саиданы біз білмейтін ерекше қасиеттерге бөлеп, түрлі бәйгелерден жеңімпаз болуға жол ашты.
Оның талантты оқушы екеніне ұстаздарының көзі әбден жетті. Ол бос уақытында рухани, мотивациялық кітаптарды оқып қана қоймай, өз жанынан өлең шығаруды да дағдыға айналдырды. Мектептің атынан әр түрлі пәндерден көптеген олимпиадаларға қатысып, жеңіспен оралып жүрді.
Бүгінде Саида өзінің осындай қарым-қабілеті мен дарындылығының арқасында тек мектептің ғана емес, бүтін ауданымыздың мақтанышына айналып отыр. Саида Жалпақтал ауылындағы Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 2025 жылғы жас түлегі. Әрине, дарынды шәкірттердің жеңісі, білікті ұстаздардың шеберлігі мен еңбекқорлығының арқасында екені айтпаса да түсінікті. Мектеп қабырғасынан бастап баланың дарыны жан-жақты ашылып, оның білімге деген қызығушылығы оянады. Білімді бәрінен биік қоятын Саида Абуханова республикалық пән олимпиадасының чемпионы атанып туған ауылы Жалпақталға оралды. Алтын ұя мектебінің мерейін Республика көлемінде тағы бір мәрте асқақтатқан Саиданы Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымы мен барлық белсенді оқушылары салтанатты түрде қарсы алып, үлкен құрмет көрсетті.
- Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы, Саида Абуханова өзінің үздік оқушы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, республикалық олимпиада да жалпы білім беретін пәндер бойынша орыс тілі мен әдебиеті пәнінен І орын иеленіп, зор жетістікке қол жеткізді. Бұл – білімге деген құштарлықтың, табандылықтың және ұзақ жылдар бойы төгілген еңбектің жемісі. Саида – бірнеше жылдан бері мектебіміз бойынша үздік нәтиже көрсетіп келе жатқан дарынды оқушымыз. Оның білім жолындағы жетістіктері өте көп. Тек, 2025 жылдың өзінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерінің – І орын жүлдегері. Саиданың әр жетістігінің артында өзінің тынымсыз ізденісі, ата-анасының қолдауы, ұстаздарының таусылмас жігерлі еңбектері жатыр.
Өнерің өрістей берсін, жас дарын!
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы