25.04.2018, 21:24
Оқылды: 69

Қазталовтық шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты

IMG_20180425_211619Ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов ең алдымен Талдыапан округіне қарасты Байбоз қыстағында болды. Аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты.

13 мың га жері бар «Дархан» шаруа қожалығының иелігінде 440 бас аналық ірі қара малы, 12 бас асыл тұқымды бұқа, 467 бас жылқы, 1080 бас қой өсіріледі. Нұрлыбай Жолдыбайұлы жетекшілік ететін қожалық еліміз бойынша ауылшаруашылығы саласына қатысты мал басын түрлендіру, лизингке техника алу секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысып келеді. Соңғы жылдары 22 млн.теңге қаражатқа ауылшаруашылығы техникаларын сатып алған. Қазіргі күні шаруашылықта 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жылы «Бауырлар» атта жаңа шаруа қожалығын құрып, 80 млн.теңге қаражатқа 260 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас малын сатып алған.

Қыстан шыққан шаруаның жұмысымен етене танысқан өңір басшысының бірінші орынбасары Игорь Стексов:

-Елбасы өзінің Жолдауларында ауылды, әсіресе ауыл тұрғындарының ахуалын көтеруге ерекше назар аударып, осы мақсатта атқарылуы тиісті ауқымды істерді белгілеп беруде. Сіздердің ұсыныс тілектеріңізді тыңдап, айтылар ой пікірлеріңді тыңдау үшін келдік,-деді.

Осы кездесуде Нұрлыбай Жолдыбайұлы ауылдық жердегі интернет желісінің шамалы екенін сөз етті. Игорь Валерьевич бұл бағыттағы тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын сөз етті.

Мұнан кейін Жалпақтал ауылындағы Дархан Догоровтың мал сою алаңының жұмысымен танысты. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған кепілсіз несие көмегімен үш ай ішінде тұрғызылған нысан – «Жалпақтал» АӨК мүшелеріне ғана емес, барша ауыл тұрғындарына қызмет көрсетпек. Қасапханада тәулігіне 10-15 ірі қара союға болады. Ет сақтайтын тоңазытқышы және бар. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған 19 млн.700 мың теңге несие алған.

-Мал сою бекеті жанынан болашақта – шұжық цехы, ет және асханасы мен қонақүйді жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні біздің басты проблемамыз ол ірі қара малын алу үшін қаражатымыздың жоқтығы болса, екінші сол сойылған етті өткізу үшін орын қажет. Сонымен қатар сойылған ірі қара малының етін тасу үшін арнайы көліктің жоқтығы қол байлау болып отыр,-дейді Дархан Догоров.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы уақытта бұл айтылған ұсыныстарының шешу бағытын қарастырып, бір шешімінің болатындығын айтты.

Өңір басшысының бірінші орынбасары Игорь Валерьевич Жалпақтал аймақтық ветеринариялық зертханасы және ветеринариялық мекемесінде болып, мамандармен кездесті. Одан кейін іссапарын Жалпақтал, Қараөзен ауылдық округтерінің аумағындағы су шыққан жерлерді, «Автобаза», Гүрілдеуік» бөгеттеріне барып,   «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас директорының орынбасары Төлеген Ғұмаровпен кездесті. Сонымен қатар «Киров-Шежін» каналының жұмысымен танысты.

Одан соң Ақпәтер ауылдық округіне қарасты «Қамқор» шаруа табан тіреген Игорь Валерьевич шаруашылық жетекшісі Мұрат Хасановтың мал бордақылау алаңын көріп, емін-жарқын әңгімелесті.

Ағайынды Хасановтардың шаруа қожалығы 1999 жылы құрылып, содан бері 470 бас «Көшім» жылқысын, 1500 бас «Еділбай» қойы, 250 бас «Герефорд», 600 бас ірі қара малы бағылады. 2013 жылдан бері 1000 бас ірі қара малына арналған мал бордақылау алаңын салып, өткен жылы 311 бас малын бордақыласа, биылғы жылы 105 бас малды бордақылап Ақтау қаласына етке тапсырып отыр. Күні бүгін 70 бас ірі малы мен 100 бастың үстінде қой малы тұр.

-Биылғы жылы қыстың созылуына орай қиыншылықтар болды. Қысымыз ұзарып, көбінің есептеген мал азығы жетпей қалды. Елімізде шаруа қожалықтарға, жалпы жұмыс істеймін деген азаматтарға қолдау көрсетілуде. Сол қолдауларды бізді көріп отырмыз. Күні бүгін 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз,-дейді бізбен әңгімелескен Мұрат Хасанов.

Ағайынды Хасановтардың қажырлы еңбектеріне табыс тілеген облыс әкімінің бірінші орынбасары еңбек ете білген жанға әрқашанда қолдаудың бар екендігін жеткізді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН

zhaikpress.kz

IMG_20180425_211534 IMG_20180425_211548 IMG_8301 IMG_8332

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале