12.04.2018, 17:01
Оқылды: 59

Қазталовтың жастары кәсіпкерлермен кездесті

Қазталовта бүгін «Рухани жаңғыру» залы ашылды. Онда аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Қазталов жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жетістік жолы» тақырыбында «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілік жасап жүрген кәсіп иелерімен кездесу өтті.

Кездесуге келген белгілі кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев және отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған Мереке, Лиза Қайбушевтер жастарға өздерінің кәсіп көздерін қалай ашқанын әрі оны әрі қарай дамытқандары туралы әңгімелеп берді. Олар өз сөздерінде, - Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» сіздерге үлкен жол ашып отыр. Соны тиімді пайдаланып туған жерге де үлестеріңізді қосыңыздар, -деді. Кездесуде жастар қонақтарға арнап сұрақтар қойып, өз өнерлерін көрсетті.

«Рухани жаңғыру» залының ашылу салтанатына кәсіпкерлеріміз құр қол келмеді. «Рухани жаңғыру» залы қай жағынан да келушілерге үлкен ой салып, рухани азық алары сөзсіз. Соны түсіне білген кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев «Рухани жаңғыру» залына фотоаппарат сыйға тартса, Мереке, Лиза Қайбушевтер «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ашылған қорына 200 мың теңге қаражат аударды.

Осындай істен тоқсанның төріне жақындаса да ел үшін жасалып жатырған істерге құлағын түріп жүретін  Есімхан Меңешов ағамыз орталыққа өзінің жеке кітапханасынан кітаптар сыйға тартты.

   «Ауыл айнасы» ақпарат

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале