Бөкей ордасы аудандық ауруханасында биылғы жылдың 3-24 қазан аралығында Халықаралық қариялар күніне орай айлық өткізілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің дәрігері Әйкерім Құрымбаева, медтіркеуші Гүлнар Бисембаева, психолог Жаңылсын Қазиханова, көз дәрігерінің мейірбикесі Балғаным Зұлқашева және әлеуметтік қызметкер Жанар Жадраевалар 65 жастан асқан аудан тұрғындарының үйлеріне барып, айтулы күнімен құттықтап, қал-жағдайларын сұрап, денсаулықтарын тексеріп, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Осы шара аясында 27 аға-апаларымыздың қан қысымы, көздің ішкі қысымы өлшеніп, қант диабеті бойынша тексеріс жүргізілді. Он қариямыз мекеме көлігімен ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексерістен өткізіліп, қажетті көмек көрсетілді. Соның ішінде екеуі ауруханаға жатқызылып, үшеуіне үй жағдайындағы ем-шара тағайындалды. Бұдан басқа он адамға күндізгі ем тағайындалып, бір қариямыз денсаулығын тексерту үшін қалаға жолданды.
Қариялар күніне орай учаскелік мейірбике Нұргүл Абдуллина мен әлеуметтік қызметкер Жанар Жадраева 31 қариямызға тұмауға қарсы екпе салды. Дәстүрлі шарада жалғызілікті және мүгедектігі бар қарияларымызға басымдылық берілді. Осы орайда ІІІ топтағы мүгедек жерлесіміздің жағдайы басты назарға алынғанын айта кеткен жөн. Денсаулық жағдайының ерекше күтімді қажет ететінін ескеріп, тиісті шараларды тағайындалмақшы.
Аудандық аурухана кәсіподақ комитетінің төрайымы Назгүл Жұмағалиева бастаған топ аудандық ауруханада жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан әріптестеріміздің үйлеріне барып, мерекелерімен құттықтап, сыйлық табыстады.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы