21.05.2020, 12:30
Оқылды: 414

Кене деген кесел шығып ауылда, мал мен жанның есін әбден алуда

Күллі әлемге шуақ шашқан күн көзін қос қолыңмен жауып, жасыра алмайтының белгілі. Шындық та сол секілді. Оның да бетін бүркеуге келмейді. Соңғы жылдары Жаңақала ауданы тұрғындары мен шаруаларын су тапшылығы алаңдатса, биыл да көңілдері тыныш емес. Уайымдары еселене түскендей. Себебі далиған маңғаз даладан кене деген пәле шығып, ел-жұртты әбігерге салуда.

Бұл пәлекет көзге елеусіз, кішкентай болғанымен, адамзатқа үлкен зардабы бар жәндік екен. Көгілдір көктем келіп, кене көбейгелі адамннан да, малдан да маза кетті. «Кене қашан кетеді?», «Кененің алдында неге дәрменсізбіз?», «Кенеден қалай қорғану керек?», «Кенеден малымыз қырылып қалмай ма?» деген сан түрлі сауалдар ауылдағы тірлігін төрт-түлікпен байланыстырған қаймана қазақтың көкейінде жүр. Біз осы күйіп тұрған мәселені қаузауға бел будық.

Шаруалардың да айтары бар

Ең алдымен бұл мәселенің байыбына барайық, малдан шығын болғаны шындыққа жанаса ма деген ниетте шаруалармен хабарласқан едік.

- Кенеден келетін кесел мол. Кенемен барымызша күресіп жатырмыз. Ектірдік, уладық. Жасыратыны жоқ, мал шығыны бар. Екі құлын, бір тайым өлді. Кене ірі қарада да көп. Әл бермей тұр. Сорақысы, автокөлікке, аяғымызға ілесіп үйге де келеді. Сырт киімдерімізді барынша тазалап, ауыстырып жүрміз. Жауапты адамдардан көмек болса, жақсы болар еді,- дейді мәстексайлық «Әділет» шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Мүсірепов. Кесірлі кене Бірліктегі берекелі елді де сырт айналмапты. Кене жайлы кеңінен «Бірлік» мал зауытының директоры Қанат Ешімов ағамыз айтып берді:

- Біздің аудан аумағында кененің тарала бастағанына биыл үш жыл болады. Екі жыл бұрын жаппай көбейді. Мен бұл мәселені сәуір айының соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев келгенде де, одан бұрын аудан әкіміне де айтып, өз ұсынысымды жеткізіп жүрген едім. Жалпы, кененің көбейіп, бас бермей белең алуын әркім әртүрлі айтады. Біреулер күзде жаңбыр жаумағасын, қуаңшылықтың әсерінен, біреулер көктемде күн салқын болғанның кесірінен дейді. Алайда кене қаптады деп біз де қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Қолдан келгенше, шамамыз жеткенше кененің алдын алу үшін жұмыстанып жатырмыз. Қойларды жыл сайын тоғытып тұрамыз. Өткен жылы Оралда креолин бітіп қалды. Оның жетіспеушілігі де қой тоғытуға кедергі келтірді.  Қойларды тоғытқанмен кене бәрібір 10-15 күннен кейін қайта жабысады. Одан келіп қой құрттайды. Негізі, қойды құрттау - шопандардың міндеті. Бірақ былтыр құрттаған қойдың көбейгендігі соншалықты, шопандар оларды құрттап үлгере алмады. Кененің көбеюі қой шаруашылығының алға басуын ілгерілетпеуге әсері бар. «Жұт - жеті ағайынды» демекші, биыл жылқыдан да шығын бар. Биелер құрттады. Оларды құрттан емдеу тіптен қиын. Ең жаманы, кене малшыларды шағып, тыным бермей тұр. Отырып қой баға алмайды.

5E45A726-C113-4AB5-9EA6-5A984D1038A8

Батысқазақстандық ғалымдардың пікірінше кенеден құтылудың бір жолы - «Ивермектин» препараты. Дәрінің күші малдың бойында 45 күнге дейін сақталып, кенелер біртіндеп өле береді  екен. Шаруа қожалықтары арасында осы әдісті қолданып көргендер бар ма екен? Нәтижесі жақсы болса, хабарын айтарсыздар. Біз де алдағы уақытта «Ивермектин» препаратын арнайы алдырып, тәжірибе жасап көреміз бе деп жоспарлап отырмыз.

578BAA5E-168A-4B0D-AECD-BBFF1E9676CD

Бұл кене деген кеселдің алдын алмаса болмайды. Менің ұсынысым, кенені жою үшін Үкімет қомақты қаржы бөліп, шегіртке сияқты даланы улау керек деп ойлаймын,- дейді асылтұқымды «Еділбай» қойын өсіретін «Бірлік» мал зауытының директоры Қ.Мұхтарұлы.

Ветеринарлар не дейді?

Айта кетейік, журналист әріптестеріміздің кене туралы көтерген мәселесіне облыстық ветеринария басқармасының мамандары былай деп жауап берген екен:

- Соңғы жылдары мал иелері мен ветеринарлық мамандардың тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларының жайылымдық (иксодтық) кенелерден зардап шегіп жүргендері жиі айтылуда. Биыл да кенелердің облыс аумағында көп екендігі байқалады. Аталған жәндік күннің жылуына байланысты көбейетіні және олар ауа райына қарай маусым айының ортасына немесе аяғына дейін малға қауіп төндіретіні белгілі. Осы ретте әрбір мал иесі ауыл шаруашылығы жануарларын көктемгі жайылымға шығарар алдында ірі қараларын инсектицидтермен өңдеуден өткізу, ұсақ малдарын қырыққаннан кейін қотыр ауруларының алдын алу үшін кубкадан өткізу сияқты шараларды уақтылы және тиісті жиілікті сақтай отырып, яғни бірнеше мәрте жүргізуге тиісті. Сонымен қатар жануарлар жайылғаннан кейін денесінің кенелерден тазалығын тексеріп, жүні аз немесе жоқ жерлерді (құлағы, кеудесі) қарау керек. Егер де жануар денесінде кенелер анықталған жағдайда инсектицидтермен өңдеу қажет. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарларын кенелерге қарсы өңдеу үшін «Неоцидол», «Деазинон» сияқты ветеринариялық препараттар қолданылады. Мысалы, өткен жылы Казталов және Жаңақала аудандарының мал иелері кенелерге қарсы «Оксареп» препаратын кеңінен қолданды.

82C7CFBE-F361-4BE9-8143-134AA1EEB801

Мал иелері иелігіндегі малды кенелерге қарсы өңдеуден өткізу үшін аудандық ветеринариялық станция мен ветеринариялық пунктерге көмекке жүгінулері тиіс. Қазіргі таңда ветеринариялық станция мен ветеринариялық пункттерде жануарларды өңдеуге арналған құрылғылар (ертіндіні бүріккіштер, ДУК-актокөлігі) бар.

Айта кету керек, дезинфекциялау процедурасы ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 35-бабының 2-тармағы 4-тармақшасына сәйкес мал иелерінің есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ 2020 жылдың мамыр айының басында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу кезінде кең ауқымды препараттарды қолдану мәселесін қарастыру бойынша ұсыныс хат жолданды,- депті мәтінде. Ал аудандық ветеринариялық станция мекемесінің басшысы Марат Болатұлына хабарласқанымызда аудан аумағында кенеден мал шығыны тіркелмегенін мәлімдеп, тұрғындар хабарласса, емдік шараларды жүргізетіндерін жеткізді.

Кене несімен қауіпті?

Бұл майда паразиттер көктемнің алғашқы сәулесімен тіріліп, белсенділігі арта бастайды. Олардың ең белсенді уақыты - сәуір мен мамыр айлары. Тамыздың соңында кенелердің екінші өмірі басталады, ересек дернәсілдер әрі қарай даму үшін қан соруға кіріседі. Жалпы кененің шағуы аса қауіпті емес, алайда кенелер көптеген аурулардың таратушысы болып саналады. Олардың ішінде ең қауіптісі – энцефалит пен бореллиоз. Бұл аурулар жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін, тіпті адамды мүгедек етіп, жанын алатын кездер де болған. Энцефалит пен бореллиоздан өзге кенелер бабезиоз, геморрагиялық безгек, риккетсиоз, туляремия, эрлихиоз және тағы басқа аурулардың таратушысы.

Жаңақала аудандық ТКҚСҚБ басқармасының жетекші маманы Гүлнара Ахтанованың сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары   кенелердің шағуына (шабуылына) байланысты көмек сұрап, тіркелген адамдар саны өскен. Аудан бойынша кенелерден зардап шеккен адамдардың 1 жағдайы  2018 жылы тіркелген болса, 2019 жылы сондай адамдардың саны 10 жағдайға дейін көбейген. Ал үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында да кенелерден зардап шеккен адамдардың 3 жағдайы тіркеліпті. Жалпы кенелер табиғатта көптеген аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын таратушы екені белгілі. Атап айтатын болсақ, біздің аудан бойынша табиғи ошақтары орналасқан  оба, туляремия індеттерінің, сондай-ақ «Конго-Қырым» геморрагиялық қызбасы сияқты басқа да аса қауіпті індеттердің таратушысы болып келеді.

Кенеден қалай қорғану керек?

- Осы аса қауіпті індеттердің алдын алудың бастысы – адамдарды кене шағуынан сақтау мүмкіндігін қарастыру. Осы мақсатта табиғатқа шыққан кезде немесе кенелер шағуы қаупі жоғары жерлерде кенелер шағуынан қорғанатын жеке қорғаныш құралдарын, сәйкесті киімдер, жәндіктерді үркіткіш дәрілерді қолдану қажет. Тығыз матадан тігілген киімдер, жабық аяқ-киім, шалбар, ұзын жеңді көйлек, етік кию және міндетті түрде бас киім болуы шарт. Сауда орындарында, дәріханаларда сатылатын  үркіткіш дәрілерді, атап айтсақ «Пикник Антиклещ», «Москитол антиклещ», «Рефтамид Таежный» және сондай басқа да дәрілерді пайдалануға болады. Сонымен қатар ауылшаруашылық малдарын, иттерді 10 күнде 1 рет кенелерге қарсы үркіткіштермен өңдеу қажет. Қойларды қырқар алдында кенеге қарсы өңдеу жұмысы да жүргізілуі тиіс. Егер кене теріде жармасып тұрса, оны алу үшін тез арада медициналық мекеме жағдайында диспансерлік бақылаумен емхананың дәрігер-инфекционист маманының көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс болады. Себебі теріден алынған кенені аса қауіпті ауруларға тексеру үшін лобараториялық зерттеуге жіберіледі. Ал кейбір жағдайларда жабысқан кенені адам өзі алып тастап жатады. Ондай жағдайда оны сығып, жалаң қолмен ұстауға мүлдем тыйым салынады. Жәндіктердің шағуына жеңіл қарауға болмайды. Егер шағып алған жағдай болса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет,- дейді мамандар.

Түйін. Кене кенеттен келген жоқ. Тек соңғы кезде жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай көбейгені көптің көңілін күпті қылып тұр. Аудан жұртшылығы ырыс-несібесі болған төрт-түлік малы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп отыр. Ал «малдың жауы – кене» кетпесе, қарапайым халыққа қиындық туғызары хақ. Сондықтан кенемен күресуді, алдын алу жұмыстарын ертеңге қалдырмай бүгіннен бастауымыз керек. Әйтпесе, оның мал шаруашылығына зардабы шаш-етектен. Кеселі көп кене азаймаса, ол - мал-жанымыздың соры. Оған дәлел де жеткілікті. Сол себепті облыс басшылығы һәм аудан әкімдігі, ғалымдар, шаруа қожалықтары бірігіп, кеңесіп, нақты шешім қабылдағаны ләзім.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале