18.03.2021, 15:21
Оқылды: 42

Кеселден арылу жолы – адалдық

Сыбайлас жемқорлық – қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі болып отыр. Заманмен бірге өсіп-өркендеп отырған бұл келеңсіз іс ешбір ел сақтана алмайтын нағыз жаһандық проблемаға айналды.

9B5B07CB-C759-4F2B-96DA-EA87709F4E11

Ел болып еңсемізді көтергенімізге 30 жыл болады. Алайда жең ұшынан жалғасу әдеті әлі болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Өткен жылғы Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттардың бірі осы сыбайлас жемқорлықпен күресу болды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа бейім салалар аталды. Соған байланысты Президент 2021 жылы кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік құрылымдардың заңсыз араласуын, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруді болдырмайтын шағын орта бизнес қызметінің жаңа нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғамға ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге арналған «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірлеу және қабылдау тапсырылды.

Жемқорлық тек заң шығару арқылы жойылмайды. Бұл дерт дәрі беріп емдейтін сырқат та емес. Сыбайластық әрекеттерімен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмау тетігі - халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеуіміз керек.

Жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдары деп білемін. Рухани тұрғыдан бай адам, «бармақ басып, көз қысудан» жанын таза ұстайды. Біздің қоғам ақ ниетті, адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Сонда ғана ел дамуына зор үлес қосамыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

 Айкерім Қожағалиева,

Бәйтерек ауданаралық Әділет басқармасының бас маманы

«Қазақстан Заңгерлер одағы» РҚБ мүшесі

Суреттің дереккөзі yassy-tur.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале