1826 жылы дүниежүзіндегі алғашқы фотосуреттің түсірілуінің 200 жылдығына орай Теректі тарихи-өлкетану музейінде фотография тарихына арналған «Алғашқы фотосуреттен смартфонға дейінгі жол» атты жаңа көрме бұрышы ашылды.

1826 жылы француз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс тарихта сақталған алғашқы тұрақты фотосуреттердің бірін – «Ле Градағы терезеден көрініс» атты бейнені түсірді. Ол үшін жарыққа сезімтал затпен қапталған металл пластина пайдаланылған. Экспозиция бірнеше сағатқа созылған. Елестетіп көріңіз: қазіргі телефон камерасы секундтың мыңнан бір бөлігінде сурет түсірсе, алғашқы фотографтар бір кадр үшін сағаттап күтті! Сол себепті ерте фотографияда қозғалыс – ең үлкен жау болды.
Адам портретке түскен кезде ұзақ уақыт бір қалыпта қозғалмай отыруға немесе тұруға мәжбүр болған. Бұрынғы фотоларда әдемі отырғышқа қолын сүйеп тұрған адмның бейнесін көрген шығарсыз. Кішкентай балаларды отырғышқа отырғызып, тұрып кетпес үшін аландатып ұстап тұрған адамның қолы да суретке түсіп қалатын. Осы тарихты көз алдыңызға елестетуге мүмкіндік беретін ерекше жәдігерлердің бірі – музейдегі 1930 жылғы ағаш штатив. Фотоға түсіруші де фотоға ұзақ уақыт түсіре алмай қолы дірілдегендіктен 3 аяқты штатив ойлап табылды, бірақ олар өте ауыр еді.

Көрмеде сонымен қатар НКВД пайдаланған фотоаппарат, кеңестік кезеңдегі танымал «Смена-8М» пленкалы фотоаппараты және оның фотоқабы қойылған. Пленкалы камера кезінде әр кадрдың өз құны болған: пленкадағы орын шектеулі, ал түсірілген суретті сол сәтте қарап көру мүмкін емес. Суреттің нәтижесін білу үшін пленканы шығарып, оны арнайы өңдеу қажет еді. Экспозицияның қызықты бөлігінің бірі – фильмоскоп пен диафильмдер топтамасы. Мұнда «Лисичка со скалочкой», «Спящая красавица», «Васюшкино озеро», «Ну, погоди!» және басқа да көптеген балаларға таныс туындылар бар. Бір кездері мұндай диафильмдер көптеген отбасының кешкі уақыттағы қызықты ермегіне айналған.
Бөлме қараңғыланып, қабырғаға немесе арнайы экранға суреттер түсіріліп, ата-анасы ертегіні дауыстап оқыған. Көрмеде фотографиядан кейінгі экран дәуірін танытатын «Шарм 11ТБ-401Д» портативті қара-ақ теледидары да бар. Ал цифрлық технологиялар кезеңін Samsung PL120, Olympus FE-210 фотоаппараттары, камералы Pantech GB200 және Motorola L7 ұялы телефондары көрсетеді. Осылайша көрме бір ғана фотоаппараттың тарихын емес, адамзаттың бейнені сақтау жолының өзгеруін көрсетеді: бірнеше сағаттық экспозициядан – пленкаға, пленкадан – диафильм мен теледидарға, одан – цифрлық камераға, ал цифрлық камерадан – бүгінгі смартфонға дейін.
Ең қызығы – бүгін қолымыздағы смартфон камерасы бір кездері бірнеше сағатқа созылған тәжірибелердің нәтижесінде дүниеге келген. Бір фото – бір сәт. Бір жәдігер – бір дәуір. Ал осы көрме – фотографияның екі ғасырға жуық тарихына жасалған саяхат.
Фотографияның қызықты тарихын өз көзіңізбен көріп, бұрынғы фотоаппараттар мен диафильмдерді еске түсіргіңіз келсе, Теректі тарихи-өлкетану музейіне келіңіз!
Гүлім Елемесқызы, музей экскурсия жүргізушісі
Теректі ауданы