3.06.2021, 15:01
Оқылды: 53

Кезекті еңбек маусымы басталды

Елімізде жастар саясаты мәселесіне ерекше назар аударылып, жаңа игі бастамалар қолға алынып келеді. Бұл бастамалардың негізгі мінденттерінің бірі — жастардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтып, елжандылыққа тәрбиелеу. Өйткені жастар – ел келешегі, ұлтымыздың тіреуі.

595B3D1C-D7E3-44F4-9BAD-BF43C50F2F33

Сонымен қатар жастардың бос уақыттарында отбасына көмектесіп, ақша табуына мүмкіндік жасалуда. Сондай мүмкіндіктердің бірі — Елбасы бастауымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы.

Сонау 2005 жылы басталған бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. Күні кеше Бәйтерек ауданында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XVII еңбек маусымы өз жұмысын бастады.

Кезекті еңбек маусымының салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев өзінің құттықтау сөзінде отряд сарбаздарына алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, жастарды еңбек етуге шақырса, «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтары штаб жетекшісінің орынбасары Сәуле Хайрова жасақ жетекшісіне командирдің жеке күнделігі мен төсбелгісін табыстады.

-Аудандағы еңбек жасақтарының жұмысы алты ауылдық округте жүзеге асатын болады. Қазіргі таңда Мичурин, Раздольный, Январцев, ауылдарын абаттандыру жұмыстары басталды. 18-29 жас аралығындағы 81 адам жұмысқа тартылды. Жұмыс уақыты таңертенгі 9:00-ден, кешкі 18:00-ге дейін. Барлық жас қажетті еңбек киімдерімен қамтылды. Жасақтың жұмыс аймақтары алдын ала белгіленіп, жоспар бойынша орындалады, - дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Губашева.

Отряд қатарындағы жауынгерлердің саны бүкіл республика бойынша жыл сайын артып келеді. Олар көгалдандыру жұмыстарымен қатар саябақтарда, темір және автокөлік жолдары бойына көшеттер отырғызып, абаттандыру қызметтерін атқармақ.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале