14.07.2021, 9:25
Оқылды: 60

Кезекті сайлау көңілден шықса игі

Бұрын-соңды елімізде болмаған сайлау науқаны келіп жетті. Бәйтерек ауданында өкілеттілік мерзімі биыл тамыз айында аяқталатын үш округ әкімін халық өзі таңдайтын болады. Биыл қабылданған бұл шешім билік пен бұқараның арасын жақындастыратынына күмән жоқ. Өйткені әр ауылдың мұң-мұқтажын білетін, елдің еңсесін немен көтеруді түсінетін жандар ғана түседі сайлауға. Сондай-ақ бұл – елдің саяси өміріне де серпіліс алып келетін қадам. Десе де әкім боламын дегендерге де арнайы талаптар бар.

83A0B1BD-5AA4-46DA-97FE-90764BCBE9C1

Сонымен, кезекті саяси науқанға кімдер түсіп жатыр? Олар қалай іріктелді? Соны бір шолып өтсек. Әкім болып мемлекет саясатын жүзеге асыруға және елді дамытуға өз үлесімді қосам деген жан 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, мемлекеттік қызметте екі жылдан астам жұмыс өтілі болуы шарт. Ең бастысы Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Жоғары білімді болғаны тіптен жақсы. Сонымен қатар әкім креслосына өзін-өзі ұсынған кандидаттар да таласа алады. Бірақ оларға да ерекше талаптар бар. Жоғарыда көрсетілген шарттардан бөлек, өзін-өзі ұсынған азамат екі жыл мемқызметте не жеке салада басшылық орында болғаны абзал. Ал еш жерде жұмыс жасамаған азаматтар он жерден ауыл жайын жақсы біліп тұрса да, сайлауға түсе алмайды. Өйткені мұндай жағдай орын алғанда ауылдастың аты озғанша, туысқанның тайы озсын дейтіндер табылып жатады. Оның үстіне өзін-өзі ұсынғандар ауыл халқының бір пайызының қолын жинауы керек.

Заң жаңа болғанымен, бастама жаңа дей алмаймыз. Өткен ғасыр соңында отызға тарта ауыл әкімдерін сайлап көргеніміз ел есінде. Сайлау есте қалғанымен, сайланған әкімдердің тындырған ісі ешкімнің есінде жоқ. Сол олқылықтан сабақ алсақ игі.

Егер осы сайлауды өткізудің механизмін қалыптастырып алсақ, сол жолмен аудан, облыс әкімдерін сайлауға да болады. Сондықтан бұл науқанға немқұрайлы қарамаған жөн. Сайлау әділ әрі ашық өткені де дұрыс.

Аудандық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Бекет Нигметовтың айтуынша, биыл Зеленый, Январцев және Чиров ауылдық округтерінің әкімдері сайланбақшы екен. Шілденің 9 күні аяқталған кандидаттарды ұсыну кезеңіне саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынған азаматтардан 12 өтініш келіп түскен.

-Әкім сайлауына ұсынылған азаматтардың үшеуі «Nur Otan», біреуі «ADAL» партиясынан болса, сегіз азамат өзін-өзі ұсынды. Зеленый ауылдық округіне әкім боламын дегендердің ішінде бір азамат «Nur Otan», бір азамат «ADAL» партиясынан және тағы екі азамат өзін-өзі ұсынды. Ал Чиров ауылына әкім боламын дегендердің біреуі «Nur Otan» партиясынан, қалғандары өзін-өзі ұсынғандар. Январцев ауылына басшылық етемін дегендерге келер болсақ, олардың ішінде өзін-өзі ұсынғандар саны үшеу болды. Ал тағы бір кандидат «Nur Otan» партиясының өкілі,- дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Нигметов.

Ауыл әкімдерін таңдау мүмкіндігін алған халықтың да бұл бастама көңілінен шығатындай. Аудан орталығы мен сайлау болатын ауыл тұрғындары арасында жүргізілген шағын сауалнама да соны растап отыр. Әрине, кей кезде сайлау болатынын білмегендер де кездесті. Бірақ мәселенің мән-жайын түсіндірген соң олар да міндетті түрде өз таңдауын жасайтындықтарын айтып жатты.

-Ауыл әкімін халық сайлағаны дұрыс. Өзі таңдаған ауылнайға деген талаптың жоғары болатыны сөзсіз. Сондай-ақ ел сеніміне ие болған әкім халық алдындағы жауапкершілік жүгін де сезінеді деген ойдамын. Ең бастысы, әкім қызметіне мемлекеттік қызметте өтілі бар, оңы мен солын таныған, «этиканы», ортаны білетін, сауатты адам отырса екен. Ауылдағы адамдармен тіл табыса білуі де маңызды,- дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Мендалиев.

Елдегі қызықты да қызу тағы бір науқан аудан жастарының да назарында. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашеваның айтуынша, әкімдерді сайлау елімізде демократия орнап жатқанының жарқын көрінісі екен. Болашақта аудан, облыс әкімдерін сайлауға да болатындығын қуанышпен қарсы алған Жанар Асылбекқызы сайлау өтетін ауыл тұрғындарын белсенді болуға шақырады.

-Сайлау болатын ауылдардың тұрғындары белсенді болғаны дұрыс. Өйткені олар алдағы төрт жылда өздерімен бірге қоян-қолтық жұмыс жасайтын азаматты таңдайды. Сондықтан әр азамат өз дауысын қолынан жұмыс келетін, елдің мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізе алатын іскер азаматты таңдай білуі керек. Сондай-ақ бұл заңдағы аса көңіл бөлетін жаңашылдық – әкімдікке үміткер азаматтың өзін-өзі ұсынуы. Бұл жағдайда әлгі азамат сайлаушылардың 1 пайыз қолын жинауы керек. Және бұл норманың өзі сайлау процесінің демократиялығының және бәсекелестікті қамтамасыз ететін өте маңызды шарттардың бірі деп есептеймін,- дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашева.

Иә, қалай болғанда да аталмыш сайлау өзгеше болғалы тұр. Бұрын тәжірибе түрінде болғанымен, іс жүзінде толықтай жүзеге аспаған істі қолға алдық. Сондықтан да көңілде күдік басым. Десе де, әр істің бір қайыры болады. Сондықтан жаңа сайлау елге өз пайдасын тигізер деген сенім бар.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі  Newsroom.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале