18.05.2023, 17:45
Оқылды: 20

Кибербуллинг: желідегі қауіп

«Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдылықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс». Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында  әлеуметтік желідегі жүгенсіздік жайын осылай деп айтқан еді.

Жеке сөйлесуді қалайды

Қазіргі таңда балаларды ақпараттандыру мақсатында мектептер мен арнайы оқу орындарында түсіндірме жұмыстары өтуде.

теректи кибр1

Тоғыз жолдың торабында тұрған Подстепный ауылында он екі мыңға жуық халық тұрады. Ауданымызға қарасты екі мектебі бар. Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінде білім нәрімен сусындап жүрген оқушылар көп. Балалар мен жасөспірімдерді қамтып, мектеп психологі  дөңгелек үстелдер, жағдаятты шешу жолдары секілді түрлі тренингтер өткізеді.

Аталмыш мектептің психолог маманы Самал Сағынғалиевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Ол да осы уақытқа дейін шәкірттерін кибербуллинг шабуылынан құтқару жолында түрлі шара өткізіпті.

- Жасыратыны жоқ, қазір балалар өте сауатты. Ақпарат айдынында жүргендер бұл терминмен өте таныс. «Сақтаңсаң, сақтармын» дегендей, оларға ақпарат беріп, қауіпке ұшырап қалмауы үшін жұмыстанудамыз. Ең алдымен, сауалнама жүргізіп алдық. Облыстағы «Жан сыры» психологиялық орталығының жетекшісі Құралай Шамұратовамен бірге «Буллинг, кибербуллинг және оның қатысушыларымен жұмыс» деген тақырыпта семинар өткіздік. Одан соң «Бала өміріндегі зорлықтың алдын алу» тақырыбында әр сынып оқушыларымен жеке сабақтар, әңгімелесу өтті.

Осы әңгімелесу барысында байқағаным, оқушылар арасында бұл тақырып аясында түсінік  бар. Ондай жағдайға тап болса, не істеу қажеттігін біледі.

Ойын баласының арасында келіспеушіліктер болып жатады. Осындай әңгімелесулерден кейін 8-сыныптың бір қызы келіп, сыныптастары арасында буллингтің бар екенін айтты. Соны ескере отырып, мектебіміздің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог сол оқушылармен жеке-жеке сөйлесіп, ақпараттандыру жұмыстарын жүргіздік. Сол қыз баланы бақылауға алдық. Үнемі сөйлесіп, жағдайын біліп тұрамыз. Қазір ол жағдай тоқтады, «мені мазақ етуін қойды» дейді оқушымыз.

Кибербуллинг пен буллингке ұшырайтын жасөспірімдер сауалнама жүргізген сәтте ол туралы тіс жармайды. Біз оларды бақылау әдісі, күнделікті көңіл-күйі, сыныптастарымен қарым-қатынасы арқылы анықтаймыз. Кейде мектепке барудан бас тартып, түрлі сылтаулар айтып немесе ұялы телефоннан бас тартып, өзімен-өзі қалғысы келетін балаларыңыз болса, олармен ата-ана ретінде ашық сөйлесіңіз. Олардың жағдайына түсінуге тырысыңыз, сізге сенім арта алатындай болсын, - деді Самал Сайқалқызы.

Тіркелген деректер жоқ

Аудан көлемінде буллинг жағдайы тіркелмегенін айтқан аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрхат Досқалиев (фотода):

теректі (2)

-Мектеп оқушыларымен жиі кездесулер өтіп тұрады. Сол жиын барысында түрлі тақырыптарда баяндама жасаймыз. Одан қала берді, үш ай сайын ата-аналар жиналысы өтеді. Сол уақытта да оларға толық түсіндіреміз. Себебі, буллинг, кибербуллинг секілді қылмыс түріне қатаң заң қолданылады.Көбінесе мектептерде болатын бопсалау, мазақ қылу секілді буллинг түрлеріне жол бермеуіміз қажет. Тұрақты жүргізілген жұмыстар нәтежесі шығар, ауданда бір де бір ондай дерек тіркелмеген, - дейді.

Кез келген адам интернеттегі қорлаудың құрбаны болуы мүмкін. Мектеп жағдайындағы буллинг болатын болса да оны жедел айтыңыз. Егер осындай жағдай таныстарыңыздың бірінде болып жатқанына куә болсаңыз, оған тезірек көмектесуге тырысыңыз. Алдымен досыңызбен сырласыңыз. Неліктен ол бұл мәселе туралы хабарлағысы келмейді? Ол не сезінеді? Оған көмектесе алатын адаммен сөйлесу маңызды. Есіңізде болсын, сіздің досыңыз осы сәтте өзін осал сезінеді. Оған мейірімді болыңыз. Оған не және кімге айту керектігін ойлауға көмектесіңіз. Егер досыңыз бұл жағдай туралы сізге айтқысы келмесе, оған сенім артатын және жағдайды шешуге көмектесетін ересек адамды табуға көмектесіңіз. Себебі, интернеттегі қорлаудың салдары досыңыздың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы ел аумағында кибербуллингке қатысы бар 10 мыңнан астам материалға шектеу қойылса, уәкілетті органның ұсынымдарымен интернеттегі 222 400-ден астам құқыққа қарсы материал жойылған.

Ал бір тәулік ішінде әлеуметтік желілердегі контентті жоюды немесе бұғаттауды талап ететін заң Германия, Франция, Жаңа Зеландия, АҚШ секілді бірқатар дамыған елде қабылданған. Мәселен, АҚШ-тың 40-тан астам штатында кибербуллингке қолданылатын қылмыстық жаза өте қатаң. Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей мен Түркия мемлекеттері де осы әлеу­меттік желі жөніндегі заңдарын қайта қарастырып, кибербуллингке қатысты жазаны күшейтіп жатыр.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале