28.02.2024, 9:30
Оқылды: 38

«Кібісе» жылы несімен ерекше?

«Бір жылда 365 немесе 366 күн болады» дегенді көп естиміз. Биыл сол 366 күні бар жыл. Григориан күнтізбесінде жылдың 60-шы күні саналатын 29 ақпан төрт жылда бір келеді. «Кібісе» деп аталатын дәл осы жыл халық арасында түрлі мән-мағынаға ие. Тіпті кейбірі мұндай жылды ерекше санап, енді бірі қиындыққа балап жатады. Жалпы 29 ақпан қайдан шыққан?

Фото: istockphoto.com

Ашық дереккөздерде кібісенің шығу тарихы туралы түрлі дерек бар. Мәселен, бір жерлерде «29 ақпан» біздің дәуірімізге дейін 45 жыл бұрын пайда болған делінеді. Сонымен қатар кібісе жылының пайда болуы ежелгі Мысырдан басталған деген де дерек бар. Ежелгі Мысыр ғалымы Сотис сол кезеңде Сүмбіле жұлдызын біраз уақыт зерттеп, оның таңертеңгілік оңтүстік көкжиектен көрінуінен бастап, әр жылдың 365 күннен тұратынын анықтаған.

«Санақ нәтижесінде бүгінгі күні қолданылып жүрген күнтізбе пайда болды. Сөйтіп ғалымдар күн мен түннің теңелу уақытының арасын жыл деп атады. Жылдың төрт мезгілін аңғарып, бір жылды жыл мезгілдеріне сәйкес төртке бөлді. Бұған қоса ғалымдар өздерінің зерттеуінде әр үш жылдың 365 күнге аяқталып, ал әрбір төртінші жылдың күн саны алдағы үш жылда бір күннің артық қалуы салдарынан 366 күнге толатынын дәлме-дәл есептеп шығарды. Міне, осыдан келіп, славян халқы «високосный», ал мұсылман елдері «Кібісе жыл» деп атайтын жыл пайда болды. Төрт жылда бір рет қайталанып келетін басы артық бір күн ақпан айының соңғы күнін өрнектеді. Осылай Кібісе жылы пайда болды», − делінген «Караван» медиа порталында.

Қалай болғанда да 29 ақпанның жыл сайын белгілі уақыт «қалдық» болып, үш жылдағы «қалдық» уақыт қосылып 1 күнді құрағаннан туындайтыны түсінікті. Міне, осындай ерекше күнді, жылды адамдар түрлі затқа балап жататыны бар. Олардың арасында бұл жылы қиындық көп кездеседі, адам баласы сәтсіздікке ұшырайде, кейде тіпті «әлем елдері соғысады» деп айды аспанға бір-ақ шығаратындары бар. Әсіресе дәл осы «кібісе жылы» үйленгендер ажырасады, отбасы сақталмайды деген сенім көп. Шындығында бұл пайымдарға көңіл аудармай, әр күннен әсемдік пен қуаныш күткен абзал.

Осы тұста «Кібісе» жылында Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы болған елеулі оқиғаларды да жаза кеткенді дұрыс санадық. Себебі өзге ұлт өкілдері «қиындық жылы» деп санайтын жылда Қазақстан ел үшін аса маңызды күндерді бастан кешіп, қазақ жұртының атой салған күні аз болмады. Мысалы, 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болып, Елтаңба мен Тудың жаңа үлгісі енгізілген. Ал төрт жылдан кейін, 1996 жылы Атлантада өткен олимпиадаға Қазақстан алғаш рет қатысып, үш алтын, төрт күміс пен төрт қола медальді жеңіп алды. 2000 жылы киелі Түркістан қаласы өзінің 1500 жылдығын тойласа, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов пен Ольга Шишигина бастаған спортшылар Сидней олимпиадасында топ жарды.

2004 жыл Қазақстан тарихында Ұлттық бірыңғай тестілеудің енгізілуімен есте қалса, 2008 жылы қандастарымызды елге қайтару мәселесі қарастырылды. 2012 жыл олимп шыңын бағындырған спортшылар мен елімізде өткен әлемдік саяси басқосулармен ерекшеленді. 2016 жылы еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толуын тойласақ, 2020 жылы Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы атап өтілді.

Атаулы күнде дүние есігін ашқан жандар аз емес. Жалпы әлемде 29-шы ақпанда туған күнін тойлайтын 4 миллионға жуық адам бар екен. Міне, сол ерекше жандардың қатарында өңірімізде туғандар да жоқ емес. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиев 1952 жылдың 29-шы ақпанында Қазталов ауданының Тереңкөл ауылында дүниеге келген.

Қатимолла Бердіғалиев

Жерлес жырау бүкілодақтық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, Ресей, Монғол, Қырғыз, Өзбекстанда өнерімен ел ықыласына бөленген беделді ақын. Оның репертуарында қазақтың үш жүзден астам халық әндері, Бұхар, Базар, Қашаған жыраулардың терме жырлары, Мұхиттың, Ғарифолланың, халық композиторларының әндері бар.

Ақсай қаласының тұрғыны Мәмбет Бижановтың да төлқұжатында туған күні «1964 жылдың 29 ақпаны» деп белгіленген. Ерекше күнде дүние есігін ашқан азаматпен арнайы тілдесіп көргенбіз.

347d6155-f36a-4fff-9a33-5854a2af3d66

«Туған күнім 4 жылда бір рет келетіні рас. Дегенмен басқа жылдары 28-інен 1-іне қараған күні құттықтаулар келіп жатады. Биыл бұйыртса асқаралы алпыс жасқа аяқ баспақпын. Демек биылғы туған күнім ерекше аталып өтіледі. Жалпы адамдар арасында бұл жылды «Кібісе» жылы, қиын жыл деп жататындар да бар. Бірақ адамның дегені емес, Құдайдың қалауы болады. Сондықтан әр жылдан тек жақсылық күтетініміз рас», − дейді Мәмбет Серікбайұлы.

Ерекше күнде туған кейіпкеріміз бүгінде жүк көтергіш техниканың машинисті болып еңбек етеді. Одан бөлек немерелерінің сүйікті атасы, асқар тау әке. Өз сөзінде қала тұрғыны ерекше күнде туған жандарды да атаулы күндерімен құттықтайтынып жеткізіп, әр отбасының шаңырағына құт-береке тіледі.

Аслан Жайқонысұлы,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале