7.04.2023, 9:30
Оқылды: 25

Киік саны реттелмей, ауыл қалай көркейеді?

Биыл Борсы, Жақсыбай, Талов ауылдық округтерінің маңында киіктердің жиналуы көбейді. Мамыр айының соңына қарай, «Құралайдың салқыны» мезгілінде киіктердің төлін өргізіп, шамадан тыс көбейетініне байланысты ауыл тұрғындары наразылық танытты.

IMG-20230406-WA0201

Осыған орай аудан әкімдігі мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттары Есқайыр Елемесов, Марал Әбіловтың ұсыныстарымен аталмыш үш ауылдық округте кездесулер өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, аудан прокуроры Сәкен Молдашев, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ренат Рахимов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Қадешов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау-тексеру басқармасының басшысы Бисембай Төлепов, «Охотзоопром» РМҚ өңірлік филиалының топ басшысы Досан Дарханов қатысты.

IMG-20230406-WA0199
Басқосуларда сөз алған Қайрат Темірғалиұлы:

«Еділ-Жайық популяциясы облыс әкімінің күн тәртібіне қойған басты мәселелердің бірі. Заң аясында оларды төлдеген жерде мазалауға болмайды. Киіктің саны жылдан жылға өсіп келе жатқанын бәріміз де білеміз. Ақпарат құралдарынан көріп, естіп отырғанымыздай, тағы бір жылға киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторий жарияланды. Жағдай қиын. Әзірге біздің қолымыздан келетіні сіз бен біз болып, бірігіп киіктерді төлдеу науқаны басталғанша, резерватқа айдап тастау. Қазіргі таңда резерват айналасына жасанды кедергілерді (чучило, пугало) орнатып жатырмыз. Резерваттағы судың көлемі қара күзге дейін жетеді», - деді.
Сонымен қатар аудан прокуроры Сәкен Сәрсенбайұлы шаруа қожалықтары далада жатқан киік өлекселерін тек заң жүзінде, комиссиямен бірге жинап алу керектігін айтып өтті.
Жақсыбай ауылының тұрғыны, «Ерана» ШҚ жетекшісі Нәбиолла Мекетаев: «Бірнеше жылдан бері киік мазаны қатты алып отыр. Олар тым көбейіп кетті. Малға азық жинау қиындап барады. Одан көріп отырған зардабымыз аз емес. Мал ауырады. Әсіресе, таскене көбейіп кетті. Қазіргі таңда мал төлдеп жатыр. Он шақты күннің ішінде қозы, бұзау болсын бауыры кенеден толып тұрады. Киікті өзінің тиісті орнына айдап тастауға толықтай келісемін. Әзірге осыдан басқа амал болмаса, көнеміз», - дейді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ауыл тұрғындарын мамандармен бірлесіп, мәселе төңірегінде ұйымшылдықпен жұмыстануға шақырды.
Жиналыстардан соң кездесулерге қатысқан барлық маман алдымен егін егуге бел буған жақсыбайлық Тұрсын Осатовтың жыртып қойған жеріне барды.
-Биыл 300 гектар жерге ақ бидай егуді жоспарлап отырмын. Дақылды киіктен қорғау үшін 70 гектар жерді қоршаймын. Тек қоршаудың өзіне 4,5 млн теңге жұмсауға тура келіп отыр. Егер киік мәселесі шешілетін болса, аталған қаржыны егінге жұмсар едім. Амал қанша, бастысы – мал азығын дайындау, - деді «Байсал» шаруа қожалығының иесі Т.Осатов.
Әрмен қарай «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының айналасына жасанды кедергілердің орнатылып жатқанын көріп, аталмыш резерваттың бақылау-тексеру басқармасының басшысы Бисембай Төлеповпен тілдестік.
«Борсы, Талов, Жақсыбай ауылдарының шаруа қожалықтарынан түскен арыздарға, киіктің аталған ауылдарға кіріп кетуіне байланысты резерват қызметкерлері жасанды кедергілерді орнату жұмыстарын қолға алды. Қазіргі таңда 40 шақырым жерге кедергілер қойылды. Қолымыздан келгенше халықпен тығыз жұмыс жасауға өзіміздің бар күш-жігерімізді саламыз», - деді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау үшін экология министрі 80 мыңдай киікті атып, азайтамыз деп ұсыныс тастаған еді. Бұл халық арасында, ғылыми ортада қызу талқыланды.

Шаруалар бір жақ, қасиетті жануарды жақтағандар бір жақ болып біраз айтысты. Ведомство да нақты кім ататынын, саны қанша, оның етін не істейтінін дәл айта алмаған. Жыл соңында мораторийді ұзарту қажет деп шешіпті. Елімізде кезең-кезеңімен жарияланған шектеудің арқасында ақбөкен саны біршама көбейген. Қазір қазақ даласында 1 миллион 300 мыңдай киік бар делінеді. Мемлекет басшысы ауылдық жерлер мен елді мекендерді көркейтуіміз керек деп, халыққа арнаған Жолдауларында айтқан болатын. Алайда киік саны реттелмей, ауыл қалай көркейеді?

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале