22.05.2025, 10:00
Оқылды: 298

Киіктің құқығы қорғалып, адамның құқығы қорғалмай тұр

Жәнібек ауданының шалғай ауылдық округтері Талов, Жақсыбай және Борсыда есептік кездесу өтті. Жергілікті тұрғындармен кездесуге аудан әкімі Тимур Шиниязов бастаған бірқатар мекеме басшылары қатысты.

image-22-05-25-12-44

Округ әкімдері ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Аудан басшысы да биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабардар етті. Жарыссөзде сөз алған ауыл тұрғындары көкейде жүрген мәселелерін аудан әкімінің назарына ұсынды.

image-22-05-25-12-44-1

Талов ауылының тұрғындары көше жолы керектігі, ауыл көркін кетіретін иесіз үйлер, медпункт ғимаратында интернет желісінің жоқтығы туралы айтып, «ҚАЗПОШТА» байланыс торабының Талов ауылдық бөлімшесіне пошташы керектігін тілге тиек етті.

image-22-05-25-12-44-3

Ал Жақсыбай халқы оңтайлы шешімі табылмай келе жатқан киік мәселесін сөз етті. «Киіктің құқығы қорғалғанда, адамның құқығы қорғалмай ма?», - деп, ашығын айтты қара халық. Ал жас буын болса, ауылда бос тұрған мекеменің жастар үйі ретінде қолдануға берсе екен деген ұсынысын жеткізді. «Жасыл ел» еңбек жасағын ауылдарда ұйымдастырып, ауыл жастарын қолдауды сұрады.

image-22-05-25-12-44-2

Бұған аудан әкімі: «Президентіміз кешегі Бурабайда өткен құрылтайда киік жағдайы бойынша үкіметке тапсырма берген болатын. Биыл жыл ішінде оң шешімін аламыз деген нәтиже күтіп отырмыз. Бірақ өзіміз қолымыздан келгенше барынша жерлерімізді қоршау керек болады. Қазіргі таңда төтенше жағдай жариялана ма, жарияланбай ма, оны білмейміз, сол себепті сеніп қалмайық. Мал азығын жинау науқанына әлі кірісе алмай отырмыз.  Сондықтан ертерек қамданайық», - деді.

image-22-05-25-12-44-4

Ал борсылықтар төселіп жатқан асфальтты сақтау үшін жүк көліктері, тракторларға шектеу қою қажеттігін мәселе қылып көтерді. Сонымен қатар тозығы жетіп тұрғаү мектеп ғимаратының әлі де облыстың құрылыс жоспарына енбей тұрғанын айтып, қынжылды.

-Мектептің құрылысы бойынша өте өзекті мәселе қозғап отырсыздар. Күні бүгінге дейін төрт мектебіміз апатты жағдайда екенін білеміз. Ендігі кезекте облыстық білім басқармасымен Тегісшіл мен Борсыға тез арада жобасын жасақтап, келесі жылға «КПО б.в.» компаниясының жоспарына енгізуді көздеп, бұл бойынша жұмыстанып жатырмыз, - деді Тимур Серікұлы.

Аудан басшысы елдік мәселе көтерген ауыл тұрғындарының сұрақтарына толыққанды жауап беріп, есептік кездесуде көтерілген барлық мәселені хаттамаға енгізді. Кездесу соңы жеке қабылдаумен жалғасты.

 

Бану Берікқали,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале