12.02.2024, 17:00
Оқылды: 60

Кім мықты?

Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен дәл осындай атаумен өткен интелектуалдық ойынында аға буын өкілдері мен жас толқын санаға сілкініс тудырып, зейін-зердемен сайысты.

IMG-20240212-WA0030

Интелектуалды сайыс бес кезеңді қамтыды. Алғашқы «Сұрақ-жауап» кезеңінде үлкендер «чокер, краш, мотивация, хайп, кринж, спам, эйрподс, изи, брекет» сөздерінің мағынасын ашса, жастар «сия сауыт, бөз, шұлғау, торта, білте, мәстемір, тасаттық, оймақ, қамыт» сынды байырғы атаулардың мәніне тереңдеді. Бұл кезеңде аналарымыз өздерінің әлдеқайда заманауи екенін байқатып, кейбір ұлттық бұйымдарды табуда жастарға жәрдемдесті.

«Көрейік, тыңдайық» деп аталған екінші кезеңде жастар командасы «Тақиялы періште» киносын бірден біліп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Аға буын өкілдері «Жездуха» КТК командасы түсіріп жатқан комедиялық жанрдағы танымал қазақ сериялын көрмегендерін жасырмады.

IMG-20240212-WA0032

«Рас пен жалған» деп аталған үшінші кезеңде қос топ ғылымдағы инновациялық жаңалықтарды саралай отырып, оның ақ-қарасын, жалған немесе рас екенін анықтады. «Бұл не?» деген төртінші кезеңнің атауы айтып тұрғандай оқушылар ертеде қолданылған бұйымды тауып, әжелер заманауи құрылғының не екенін айтты.

IMG-20240212-WA0033

Ал бесінші кезеңде командалар жанды дауыста әндетіп, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. Караокеде үлкендер заманауи қазақ хиттерін орындап, жастар есті ескі әндерді шырқады. Жиналғандар әр команданы лайк және дизлайкпен бағалады. Аға буын мен жас толқынның дауыс саны бірдей шығып, достық жеңіске жетті. Жүргізушілер қатысушы көрерменге де сауал тастап, оқырманмен кері байланыс орнатты. Сұраққа дұрыс жауап бергендер жасырын демеушінің естелік сыйлығын ұтты.

IMG-20240212-WA0029

- Бүгінгі іс-шарамызда үлкендеріміз белсенді, жастарымыз жалынды болды. Түйгенім, әр істің жарнамасы мықты болуы керек екен. Сонда оқырман да асығып келеді. Біз де барымызды саламыз. Еркін отырып, ой жарыстырып, рухани тұрғыдан бір жасап қалдық. Аға буын үйретуге бейлді, жастар зейінді болғай, - деп сайысты қорытындылаған аудандық ОКЖ директоры Жеңісгүл Жаңабаева екі топқа алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Гүлжаз Қалесқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале