Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округіне қарасты Кирсан ауылының тұрғындары көп жылдан бері ауылға көгілдір отын керек екенін айтып келді. Ауыл, аудан әкімдерінің есептік кездесулерінде де осы мәселе жиі көтерілетін. Жуырда елді мазалаған жайт оңынан шешіліп, кирсандық ағайын қуанышқа кенелді. Енді ауыл тұрғындары газ пайдаланатын болады.
Ауданның ғана емес, облыстың қиырында орналасқан, Ресейдің Орынборымен шектесетін шағын елді мекен тұрғындарының қуанышын бөліспек ниетпен көлік тізгінін Кирсанға бұрдық. Ауыл шетінен округ әкімі Абылай Жұмағалиев қарсы алып, жергілікті тұрғындармен кездестірді.
Алғаш болып кірген үйдің отанасы Бағдагүл Жүнісова енді отын тасып, күл шығармайтыны қуантатынын айтады.
-Кирсан – туып-өскен жерім. Біраз жылдан бері газдың жоқтығы елді қинағанын жасырмаймын. Сол себепті де көп тұрғын елді тастап, көшіп те кетті. Ал біз жақсылықтың болатынына сендік. Ауылға газ келгені – расымен де үлкен қуаныш. Игі істің басы-қасында болған аудан, ауыл әкімдеріне ризамыз,-дейді ауыл тұрғыны Бағдагүл Жүнісова.
78 аула, үш жүзге жуық тұрғыны бар елді мекен биылдан қалмай газға қосылатынын өткен жылғы есептік кездесуінде аудан әкімі Марат Тоқжанов та айтқан болатын. Ауыл ақсақалы Петр Қарабаевтың айтуынша, көгілдір отынды жергілікті ағайын ұзақ күткен екен.
-Өткен ғасырдың 49-шы жылынан бері осы ауылда тұрамын. Кирсанның байырғы тұрғындарының бірімін десем де артық айтқаным емес. Елдің мұңын түсініп, қажеттілігін қанағаттандырған билік басындағыларға алғысымыз шексіз. Өткен айда тойлаған ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына керемет сый болды. Енді ауылымыз көркейіп, бір кездегі сән-салтанаты келіскен Кирсанға қайта айналады деп ойлаймын,-дейді ауыл ақсақалы Петр Қарабаев.
140 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалып, елді үлкен қуанышқа бөлеген жоба іске асар шақта жергілікті кәсіпкер Владимир Харченко өзінің барлық техникасы мен жұмысшыларын газ өткізіп жатқан компанияға кіргізіп, туған ауылын көгілдір отынмен қамтуға қолғабыс еткен.
-Қазір ауылдағы барлық үйге дейін газ шүмегі жетіп тұр. Тіпті ешкім тұрмайтын, құлап қалған үйлерге дейін шүмек орнатылды. Үйді газға қосу бағасы да қолжетімді,-дейді округ әкімі Абылай Жұмағалиев.
Бұл ел шетіндегі ауылдағы жалғыз қуаныш емес. Кирсандық ағайын қыс болса, қар құсауында қалып, жол азабын шегетін. Өйткені сай ішіндегі ауылға кірер жолды сәл ғана боранның өзі басып тастайтын. Ауылдан не бары екі шақырым жерде жатқан күре жолға жету, ол жерден Кирсанға келу мұң болды. Өткен жылы аудан әкімінің есебінде осы мәселе де көтерілген-ді. Сонда «2022 жылы ауылға кірер жол болады» деген Марат Тоқжанов уәдесінде тұрып, елді тағы бір қуантты. Осы күні қандай боран болса да кирсандықтан жол азабын шекпейді.
-Жол тазалаушылармен бірге келіп, кері шыға алмай, Кирсанда қонып қалған кездеріміз де болды. Өткен жылы ауылға кірер 2,4 шақырым жол салынып, елдің тағы бір мәселесін оңынан шеше алдық. Бұл жұмыстар аудан әкімінің бастамасымен, өңір басшысының қолдауымен сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі болды. Осы қалпымыздан таймай жұмыстанатын боламыз,-дейді Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай Жұмағалиев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz