Бәйтерек ауданы Көшім ауылдық округіне қарасты Кіші Шаған елді мекеніне газ қосылды.
30-ға жуық шаңырақ мекен ететін елді мекен тұрғындары осы қуанышты ұзақ күтті. Бүгінде ауылда 13 үй газға қосылды.
Газ алауын тұтатып, ауыл тұрғындарының қуанышын аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Бәйменов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин және басқа да лауазымды тұлғалар бөлісті.
Игі істің басы-қасында болып, ел қуанышына ортақтасқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Бәйменов табиғи отынды игілікке жаратқан әр шаңыраққа береке, амандық тіледі.
Кейін елді мекен тұрғындары атынан сөз алған педагогика саласының ардагері Валентина Леонтьева жобаны іске асыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірсе, еңбек ардагері Гүлжиян Ғұмарова қазақы дәстүрмен шашу шашып, ел тізгінін ұстаған басшыларға амандық, ауылға береке тіледі.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz